"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

БҰЛАҚ КӨЗДЕРІ ТАЗАРТЫЛДЫ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың ауыл тұрғындарымен кездесуі Дөң және Оңғар ауылдарында жалғасты. Кездесуде ауылдық округ әкімі Ербол Аққұловтың қорытынды баяндамасы тыңдалып, артынша ауыл тұрғындары ұсыныс-пікірлерін айтты.

Алдымен Оңғар ауылындағы кездесуде ауыл әкімі осы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстарды баяндады.

—  Жылдың басы аудан үшін оңайға тимеді. Әсіресе ақпан айындағы табиғи апат салдарын жою жұмыстары Оңғарда да қолға алынды. Мектеп жанында суағар жасау жұмыстары жүргізіліп, ауыл маңындағы бөгетке «Восход Ориел» компаниясы тарапынан 20-дан астам жүк көлігімен инертті материалдар жеткізіліп, бекітілген болатын. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауылдағы бұлақты тазалау жұмыстары тиянақты аяқталды, — деді ауыл әкімі.

Ал Дөң ауылындағы кездесуде Ербол Аққұлов кезекте тұрған тұрғындарға жер уческелерінің беріліп жатқанын хабарлады. Одан бөлек ауылда атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

—  Ауыл аймағынан «Самара-Шымкент» тас жолына дейінгі аралықты жөндеу үшін конкурс жарияланып, жобаға қомақты қаржы бөлінді. Мердігер анықталғаннан кейін жөндеу жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, ауылдағы мешіт құрылысының құжаттарын заңдастыру рәсімдері жүріп жатыр. Мәдениет үйінің де құрылысы қайта жанданды. Биыл пайдалануға беру жоспарда бар, — деді ауыл әкімі.

Кездесудегі баяндамалардан соң ауыл тұрғындары көкейкесті сұрақтарын қойды. Мәселен, Нұрлан Мырзалин ауыл ішіндегі электр желісі бағаналарындағы жарықтарды дұрыстау мәселесін көтерсе, Абат Истеков жарық қуатының төмендігін және жаңа трансформатор қажеттігін көтерді. Бұл сұраққа жауапты сала басшысы электр желілерін жөндеу жұмыстары шілде айының аяғына жоспарланғанын айтты.

Кездесуде көтерілген мәселелер бойынша аудан басшысы бірқатар тапсырмалар жүктеп, бірнеше ауыл тұрғынын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ