«Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссия жанындағы Ақтөбе облысының өңірлік жұмыс тобының қызметінің алғашқы жарты жылындағы нәтижелері: жасөспірімдерден 30-дан астам өтініш, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полициямен бірлесіп өткізілген 55 алдын алу рейді және аудиториясы шамамен 50 мың пайдаланушы болатын цифрлық арна.
Тамыздың басында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың төрағалығымен өткен «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында мен өңіріміздің тәжірибесін таныстырдым. Ақтөбе тәжірибесі жоғары бағаланды. Кездесу қорытындысы бойынша біздің жұмыстарды еліміздің басқа облыстарына кезең-кезеңімен енгізу, алдын алу мақсатында цифрлық арналарды кеңірек пайдалану және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға жастар ұйымдарын белсенді тарту ұсынылды.
Осы міндеттерді шешу үшін облыста 18 сарапшыдан тұратын жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің, Ақтөбе қаласының Жастар ресурстық орталығының өкілдері, сондай-ақ заңгерлер мен құқық қорғаушылар бар. Біздің назарымыздағы басты мәселелер – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және балалар құқықтарының кез келген бұзылуына жедел назар аудару.
Қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі – облыстық Полиция департаментімен, қалалық Полиция басқармасымен және «Киберпол» бөлімшесімен тығыз өзара іс-қимыл. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторларымен бірлесіп біз балалардың қараусыз қалуының және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған 55 рейд өткіздік. Мұндай іс-шаралар барысында жасөспірімдерге олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ ата-анасынсыз бөлімшеге жеткізілген жағдайда әрекет ету тәртібі түсіндіріледі.
Интернет-алаяқтық мәселесі де өзекті болып отыр. «Киберпол» бөлімшесімен бірлесіп арнайы WhatsApp-арнасы құрылды, онда алаяқтық схемалардан сақтандыратын бейнеролик жарияланады. Бұл материалдар ата-аналар мен мектеп чаттарына, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қауымдастықтарына таратылады. Осындай тәсілдің арқасында маңызды ақпарат 50 мың пайдаланушыға жетеді.
Алдын алу – істің тек жартысы. Жасөспірімдердің өз мәселесін жария ете алуы және нақты көмек алуы өте маңызды. Осы мақсатта менің байланыс деректерім ашық қолжетімділікте орналастырылған. Кәмелетке толмағандар қауіпсіздікке төнген қатер немесе өз құқықтарының бұзылуы туралы тікелей хабарлай алады. Өтініштерді қарау кезінде өтініш берушілердің құпиялылығы сақталады, ал қажетті шаралар құқық қорғау органдарымен және басқа құрылымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып қабылданады. Бүгінге дейін полициямен бірлесіп жасөспірімдердің 30-дан астам өтініші қаралды.
Балалардың қауіпсіздігі мектеп қабырғасымен шектелмейді. Ақтөбе облысындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілімен бірлесіп біз оқу орындарының маңындағы жол инфрақұрылымына мониторинг жүргіземіз. Жаяу жүргіншілер өтетін жолдардың сапасын тексереміз, қозғалысы қарқынды учаскелерде қосымша қауіпсіз аймақтардың қажеттілігін бағалаймыз, сондай-ақ кедергісіз орта бар-жоғын қарастырамыз. Қоғамдық бақылау ықтимал қауіпті учаскелерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының қаупін барынша азайтуға бағытталған.
Бүгінге дейін Ақтөбе қаласындағы №7 арнайы түзету мектебі, Құрайлы кентіндегі облыстық мамандандырылған санаторлық мектеп-интернат және даму кідірісі бар балаларға арналған Яйсан мектеп-интернаты тексерілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Қызметіміздің тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – жастарға құқықтық ағарту. Мәселен, қазан айының ортасында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде студенттермен «Ата-заң – елдіктің тұғыры» тaқырыбында кездесу өтті. Онда Конституцияның маңызы, азаматтардың азаматтық міндеттері және жастардың қоғам алдындағы жеке жауапкершілігі талқыланды. Мұндай іс-шаралар жүйелі сипатта болуы үшін қол қойылған меморандумдар аясында Қ. Жұбанов және Байшев атындағы университеттермен ұзақмерзімді ынтымақтастық жолға қойылды.
Біздің жұмысымыздың тағы бір маңызды бағыты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қорғау. Тамыз айының соңында «Біз қасыңыздамыз. Бізден сұраңыз» республикалық ақпараттық-түсіндіру акциясы барысында комиссия мүшелері кәмелетке толмағандарды құтқару жөніндегі жедел шараларға қатысты: 2 сәби «Үміт» балалар үйіне орналастырылды, тағы 4 бала балаларды қолдау орталығына жолданды. Сонымен қатар «102» пультіне жиі шақыру түсуіне байланысты профилактикалық есепте тұрған отбасылардың мекенжайлары бойынша рейдтер жүргізілді. Қайталама дау-дамайдың алдын алып қана қоймай, әйелдер мен балаларға құқықтық және әлеуметтік көмекті уақытылы көрсету аса маңызды.
Жинақталған тәжірибемен әріптестерімізбен ризашылықпен бөлісеміз. Атап айтқанда, жұмысымыздың нәтижелері облыстық мәслихат депутаттарының, жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өткен «BIR TOLQYNDA: XXI ғасыр көшбасшылары» өңірлік форумында таныстырылды. Бірлескен еңбегіміздің жоғары бағасы ретінде «Үздік полицияның қоғамдық көмекшісі» байқауына қатысуымыз болды, онда құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі қызметіміз атап өтілді.
Жастардың құқықтарын қорғау мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру ұйымдары мен азаматтық қоғамның үйлесімді өзара іс-қимылынсыз мүмкін емес. «Еркіндік рухы» комиссиясында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Біздің мақсатымыз – әрбір жасөспірім өз құқықтарын білсін, қорғау сұраудан қысылмасын және оның дауысы маңызды екенін түсінсін. Өйткені табыстылықтың басты өлшемі – өткізілген акциялардың саны емес, біздің қолдауымызды қажет ететін балалардың өмірінде болған нақты оң өзгерістер.
Динмухамед Анапин,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі.
