"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Оқырман сенімі — басылым тірегі

«Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері келер жылға мерзімді басылымдарға  жазылу науқаны аясында Хромтау ауданына іссапармен барды. Мақсат — аудан тұрғындары арасында баспасөзге жазылуды насихаттау, оқырманмен тікелей байланыс орнату, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда, ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмысын жүргізу болды.

Баспасөз барда байланыс бар

Сапар барысында компания өкілдері аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовпен кездесті. Кездесу кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ақпараттық кеңістіктегі өзекті мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ аудан әкімдігінде Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Қасымхан Мұстапаның төрағалығымен жиын өтіп, оған мемлекеттік мекемелер мен бөлім басшылары және редакция өкілдері қатысты.Жиында облыс баспасөзінің қарашаңырағына айналған қос басылым — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, сондай-ақ «Үш таған» журналының өңірдің ақпарат кеңістігіндегі орны, ғасырлық тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі, қоғам өміріндегі маңызы кеңінен әңгіме арқауына айналды. Компания өкілдерігазеттердің ел ішіндегі жаңалықтарды насихаттау, қоғамдық пікір қалыптастырудағы және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлін сөз етті. Кездесуде мерзімді баспасөзге жазылудың маңызы да айтылып, оқырман мен басылым арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Бұл орайда жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері де тыңдалды.

Жиын барысында баспасөзге жазылу науқанына белсенді атсалысып, ақпарат саласын қолдауға үлес қосқан бір топ азаматқа «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің атынан Алғыс хат табысталды. Олардың қатарында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы Хромтау аудандық пошта байланысы торабы басшысының міндетін атқарушы Нұржамал Кусенғалиева, Хромтау ауданының жастар ресурстық орталығының кадр жөніндегі инспекторы Асхат Арыстанбаев, Хромтау аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Ғайша Айтанатова, Хромтау дін істері орталығының маманы Сандуғаш Дюсембина, Хромтау аудандық ауруханасының мобильді бригадасының аға фельдшері Қайрат Тілеу және босану бөлімшесінің акушеркасы Дания Қонақбаева болды.

Жиын қорытындысында Қасымхан Мұстапа мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда, ел өміріндегі елеулі жаңалықтар мен ресми ақпаратты жұртшылыққа жедел әрі шынайы жеткізуде облыстық газеттердің орны айрықша екенін айтып, әріптестерін қос басылымға жазылуға қолдау білдіруге шақырды.

Үзілмеген үндестік

Кездесуге қатысқан Қарлау бастауыш мектебінің директоры Алмагүл Бекмағамбетова мерзімді басылымдардың білім беру саласындағы маңызына тоқталып, мектеп ұжымының облыстық газеттермен тығыз байланыста екенін айтты.

Тарихы 1936 жылдан бастау алатын Қарлау мектебі биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінде бұл — аудандағы жалғыз бастауыш мектеп. Білім ордасының тарихындағы тағы бір елеулі оқиға — 2021 жылы жеке шаруа қожалығының демеушілігімен мектеп ғимаратының қайта салынып, пайдалануға берілуі. Биыл мектеп ұжымы бір жас маманмен толыққан.

Алмагүл Бекмағамбетованың айтуынша, ұжым мерзімді басылымдарға тұрақты түрде жазылып, әсіресе облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін назардан тыс қалдырмайды. Ұстаздар газет беттерінде жарияланған өлке тарихы туралы танымдық материалдарды сабақ барысында қосымша дерек ретінде пайдаланады. Сондай-ақ бұған дейін мектеп өмірінен жазылған жаңалықтар да облыстық басылымдарда жарық көрген.

—Қазір газет-журнал оқу үрдісі бұрынғыдай емес, біршама бәсеңдеп бара жатқандай. Десек те Мемлекет басшысының өзі кітап оқудың, жалпы оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын үнемі айтып келеді. Бұрын қолымызға тиген газеттерді тігіп, жылдық тігінділерін сақтайтын едік. Бүгінде де мектебіміздің кітапханасында облыстық басылымдардың тігінділері бар. Өкініштісі, газет-журналдар ауылға кейде кешігіп жетеді.Облыстық газеттерде ауылымыздың тыныс-тіршілігі, балалардың атқа мінуі, мұз айдынында ойнауы секілді шағын мақалалардың жарияланғаны қуантады. Басылым беттерінде балалар шығармашылығына көбірек орын беріліп, жиі жарық көрсе деген тілегіміз бар. Балалардың жетістіктері мен өнерін газет бетінде көрсе, олардың өздері де, ата-аналары да ерекше қуанышқа бөленер еді. Сондай-ақ балалар арасында түрлі сурет байқаулары ұйымдастырылса деген ұсынысымыз бар, — дейді Алмагүл Бекмағамбетова.

Білім мен өндірісті ұштастырған

Ауданға жасаған сапары барысында редакция өкілдері бірқатар білім беру ұйымдары, сондай-ақ Хромтау қаласын абаттандыру барысымен танысып, ауыл тұрғындары және кәсіпкерлермен жүздесті. Кездесулердің барлығына Хромтау аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Мусин бірге жүріп, бағыт-бағдар берді.

Сапар аясында Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің ұжымымен де кездестік. Онда редакция өкілдері облыстық басылымдардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен сапардың мақсатын таныстырып, білім ордасының тыныс-тіршілігі, жетістіктері және жоспары туралы білді.

Колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Марал Біржанов оқу орнының облыстық басылымдармен байланысы туралы айта келе, білім беру саласындағы жаңалықтарымен бөлісті. Оның сөзінше, колледжде білім алушыларды еңбек нарығының сұранысына сай даярлауға, оқу бағдарламаларын заман талабына бейімдеуге басымдық беріліп келеді.

—Білім беру жүйесі балабақшадан басталып, мектеп, колледж, университетте жалғасады. Ал одан кейінгі кезеңде жас маман өндіріс орындарына, ғылыми-зерттеу институттарына барып, алған білімін тәжірибемен ұштастырады. Осы тізбектің өзара байланысын нығайту бағытындағы жұмысты биыл да жалғастырып жатырмыз, — деді Марал Біржанов.

Оқу орны үшін биылғы айтулы жаңалықтың бірі —колледж оқушысы Денис Паниннің биыл ақпанда Шанхайда өткен халықаралық WorldSkills чемпионатына қатысуы. Ол әлемдік кәсіби шеберлік додасында ұлттық құрама сапында мехатроника құзыреттілігі бойынша бақ сынаған.

Марал Біржановтың айтуынша, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты колледж оқу бағдарламаларын жаңғыртуға кіріскен. Бұл жұмысқа өндіріс саласының мамандары да тартылып, әр мамандық бойынша оқу мазмұнына заман талабына сай цифрлық дағдыларды енгізу мәселесі зерделенуде. Айына бір-екі рет ұйымдастырылатын кездесулерде тау-кен өндірісі, шахта мен фабрикаларда қолданылатын заманауи цифрлық технологиялар мен бағдарламалар талқыланады. Негізгі мақсат — өндірісте сұранысқа ие жаңа технологияларды білім беру үдерісіне енгізіп, білім алушыларды болашақ еңбек нарығына бейімдеу.

Колледждің осындай мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жүрген жастың бірі — үшінші курс оқушысы Әлішер Үмбетәлі. Бағдарламашы мамандығын меңгеріп жүрген ол бұл оқу орнын таңдауда колледждің өзі туып-өскен қалада орналасуы мен сапалы білім беру мүмкіндіктері маңызды рөл атқарғанын айтады. Оның үстіне, оқу орны оқушылардың болашақта жұмысқа орналасуына, кәсіби тұрғыда қалыптасуына да қолдау көрсетеді.

Әлішер Ақтөбе қаласында өткен «WorldSkills Aktobe-2026» кәсіби шеберлік чемпионатына қатысып, өз білімін тәжірибеде сынап көріпті. Топ ішінде белсенділігімен әрі ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен жас алдағы уақытта таңдаған мамандығы бойынша еңбек етіп, кәсіби биіктерді бағындыруды мақсат етеді.

Жаңарған аллея, абаттанған аумақ

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Хромтау қаласына абаттандыру және көгалдандыру жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл қала көшелері жаңартылып, қоғамдық демалыс орындары мен балалар ойын алаңдары көбейген. Хромтау қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Бәкешов редакция өкілдеріне қала аумағында осы бағытта жүзеге асырылған жобаларды таныстырды. Осындай ауқымды жобаның бірі — Полиция аллеясын күрделі жөндеу.

Оның айтуынша, мұнда 2040 шаршы метр тротуардың брусчаткасы жаңартылып, 8 велотұрақ орнатылған. Сондай-ақ аумақ жарықтандырылып, тұрғындарға арналған орындық пен қоқыс жәшіктері қойылған, фотозона жасақталған.Көгалдандыруға да басымдық беріліп, аллеяға 138 түп жөке ағашы, 600-ге жуық гүл мен сәндік өсімдік егілген. Жұмыс бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылған.

Бұдан бөлек биыл қала аумағында балалардыңбес жаңа ойын алаңы салынып, екі аллеяның құрылысы мен абаттандыру жұмысы жүргізілген. Соның бірі — Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі «Денсаулық аллеясы».

Бүгінде 33 мыңға жуық тұрғыны бар Хромтау үшін мұндай бастамалардың маңызы зор. Өйткені таза әрі көрікті орта, жайлы қоғамдық кеңістік пен жасыл желек — қала өмірінің сапасын арттыратын басты фактор.

P.S. Іссапар Дөң ауылында жалғасты. «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері мұнда ауылдағы оқырманмен жүздесіп, жергілікті кәсіпкерлермен пікір алмасты.

Бүгінде 3,5 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірқатар жоба жүзеге асырылған. Транзиттік дәліздің бойында орналасқан Дөң ауылының экономикалық әлеуеті де жоғары. Тұрғындардың 70 пайызы комбинатта еңбек етеді.

Дөң ауылдық округінің әкімі Ербол Аққұловтың айтуынша, аудан орталығына іргелес орналасқан ауылда жұмыссыз жүрген жан жоқтың қасы. Әркімнің өз кәсібі, атқаратын жұмысы бар. Бірі өндіріс саласында еңбек етсе, енді бірі кәсіпкерлікпен айналысып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Әкімнің сөзінше, тұрғындардың еңбекке деген ынтасы мен ауылдағы тұрақты жұмыс орындары елді мекеннің өркендеуіне негіз болып отыр.

 Арайлым НҰРБАЕВА.