Алғыс айту күніне арналған мерекелік шарада аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов аудан абыройын асқақтатқан барша азаматқа алғысын білдірді.
— Алғыс айту — ол игі істерді бағалау ғана емес, дүйім жұртқа үлгі ретінде көрсету деп білемін. Осы орайда ауданымыздың даму көрсеткішіне үлес қосып жүрген, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтау жолында абыройлы қызмет еткен, азаматтық еңбекте ерлік жасаған, әсіресе, төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап боранға да қарамай, жолда қалған жолаушылар мен көлік жүргізушілерін ажалдан арашалап, белсенділік пен ерлік танытқан барлық жерлестеріме шын жүректен алғыс айтқым келеді, — деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Шарада аудандық бөлім басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Аманат» партиясы, аудандық мәслихат төрағасы секілді лауазымды тұлғалар да сын сағатта қол ұшын созған жерлестерді Алғыс хатпен марапаттады. Мерекелік шарада марапатталғандар қатарында «Рахат+» кемпингінің иесі, хромтаулық жеке кәсіпкер Алмагүл Қалманова да болды. Ол табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізілгенде қар құрсауында қалған 200-ге жуық жүк көлігінің жүргізушілері мен жолаушыларға жылыту пунктін ұйымдастырып, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еткен кәсіпкерлердің бірі.
Аудан басшысының Алғыс хатымен марапатталғандар қатарында Хромтау қаласының Абай даңғылындағы 8 және 9-үйлердің тұрғындары да болды. Аталған үйлердің тұрғындары ақтүтек боранда өз аулаларында қазан көтеріп, жолда қалған жолаушылар мен жүргізушілерге ыстық тамақ ұйымдастырған. Осындай сауапты іс жасаған тұрғындардың әрекеттері өзгелерге үлгі.
«Кеншілер» мәдениет үйінде өткен шарада аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов пен аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатов ақсақалдар — Қуаныш Біржанов пен Нұрлан Хасановқа «Хромтау ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін табыс етті.
Шара арнайы концерттік бағдарламамен жалғасып, аудан өнерпаздары мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА