Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен діни тұрақтылықты сақтау мақсатында түсіндіру жұмыстарымен көшпелі уағыз-насихат алқасы ауданымызға келді.
Құрамында бірнеше ауданның бас имамдары мен ұстаздары бекітілген топ
мүшелері сапар барысында аудан аумағындағы Бөгетсай, Ақжар және Дөң ауылдарын қоса алғанда, аудан орталығындағы мешіт жамағаты мен білім ошақтары, түрлі мекемелерде болып, діни ахуал жайында талқы жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-сапар барысында аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың қабылдауында болған топ мүшелері жат ағыммен күресу жолдары жайлы ашық талқылау жүргізіп, келелі кездесулердің маңызына тоқталды.
Екі күнге созылған іс-сапар кезінде имамдар жергілікті тұрғындарға өскелең ұрпаққа жат ағымның кесірі мен залалын түсіндіріп, дін аясында толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді. Мәселен, Дөң ауылындағы «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбында өткен кездесудің басты спикері, Ақтөбе қаласындағы Біләл мешітінің бас имамы Нұрлыбек Қанабайұлы ұлттық құндылықтарымыз, соның ішінде дәстүр мен ырымдардың бастауы дінде екенін жеткізді. Ол бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының биылғы жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жариялағанын тағы бір мәрте еске салып, дін мен дәстүр егіз ұғым іспеттес, бір-бірінен ажырамас рухани құндылық екенін атап өтті.
Кездесулер әртүрлі аудиторияны қамтыды. Ақсақалды қария мен мектеп оқушысына дейінгі жас аралығында жиналған басқосуда дәстүрлі дінді дәріптеу жолы мен ұлттық болмысымыз ұлықтала түсті. «Жалпы дін ғана емес, ұлт болып сақталуымызға үлкен себеп болған алып күш — дәстүр құндылығы — заман ауысса да маңыздылығын жоғалтпайды. Әсіресе, бала тәрбиесіндегі құндылықтар қазіргі кезде ауадай қажет етеді. Сондықтан, балаларымызға тәрбие сіңіруде осыны ескерген жөн», — деді имам кездесудегі ата-аналар қауымына.
«Егер бала дін мен дәстүрді отбасында сіңірсе, өмірден адаспай өз жолын таба алады», — деген имам жат ағымның басты себебі — білімсіздік емес, үйде берілмеген тәрбие екенін алға тартты. Сондықтан да ол бала тәрбиесі тал бесіктен екенін ұғындыра түсті.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА