Ауа райының күрт жылынуы әсерінен аудан аумағында қардың еріп, өзен арнасы мен сай-салалардан бөлек, су деңгейі көтеріліп, жайылу деректері тіркелген болатын. Аудан әкімінің төрағалығымен су тасқынына қарсы арнайы жедел штаб құрылып, алдын алу шаралары бойынша нақты әрекеттер жасалды. Мәселен, Ор өзені бойындағы Көктөбе мен Көктау ауылдарында жайылған суды тоқтату үшін инертті материалдармен бекіту жұмыстары тәулік бойы тоқтамады. Үрей үдеген соң арнайы жедел штаб Көктөбе ауылының тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Шешімге сәйкес 29 наурыз күні Көктөбе ауылының 97 үйінен 276 тұрғын (239-і — ересек, 37-сі — бала) көршілес орналасқан Көктау ауылындағы орта мектебіне эвакуацияланды. Эвакуацияланғандардың ішінде 217 адам Көктау ауылындағы туысқандарының үйіне орналасты, ал «Нұрлы көш» орта мектебіне барлығы 22 адам (10— ересек, 12 — бала) орналасты. Эвакуацияланған азаматтар мектеп асханасында ыстық тамақпен қамтылған.
Одан бөлек, Көктерек ауылындағы төрт түлік малды көшіру жұмыстары да жүйелі жүргізілді. Әсіресе, жаңа төлдеген жануарларды шаруа қожалықтарына жеткізді. Бұл уақытта Ор өзенінің деңгейі тағы да 50 см көтерілген еді. Деңгейі көтерілген судың әсерінен ауыларалық жолдың бөгеті су астында қалды. Аталған бөгетке 500 қап инертті материал және қосымша 1 жүк тиегіш, 2 бульдозермен 800 тонна топырақ төселіп, нығайту жұмыстары жасалды. Әр көпір мен бөгет басына жауапты мамандардан кезекшілік құрылып, жағдай толық бақылауға алынған болатын.
Тасыған Ор өзенінің бағыты Бөгетсай мен Тамды, Қопа ауылдарына да қауіп сездіре бастады. Еріген қар суының әсерінен Қопа мен Құдықсай және Бөгетсай мен Тамды бағытындағы аудандық маңызы бар ауыларалық жолдар қатынасы уақытша тоқтатылды. Әсіресе, Қопа мен Құдықсай ауылдары арасындағы күре жолдың көпірін су шайып, көліктің барлық түріне уақытша қатынасқа шектеу қойылды. Жолды қалпына келтіру жұмыстарының барысын аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов өз көзімен көрді. Бұл маңда Ақтөбе мыс компаниясымен бірлесіп, үзілген көпірді жалғауға 400 тоннаға жуық инертті материалмен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан аумағындағы су қоймалары да арнасына толып, су қорлары жеткілікті деңгейде болды. Жалпы сыйымдылығы 22 млн текше метр болатын «Ойсылқара» су қоймасына 15 млн текше метр су жиналған. Айналадағы сай-саладан келетін суды және Мұғалжар тауларынан келетін су қорын ұстап қалу үшін су қоймасындағы жиналған су қорын жіберу шешімі қабылданған болатын. Шлюзден шыққан су Құдықсай ауылындағы бөгетке барып тоқтайды. Қазіргі таңда, жағдайды бақылауда ұстау үшін ауыл әкімі кезекшілік орнатқан.
Еске сала кетейік, ауа райының күрт жылуынан өңіріміздің бес ауданында және Ақтөбе қаласында төтенше жағдай режимі орнатылған болатын. Қазіргі таңда шығынды өтеу үшін арнайы комиссия құрылып, жұмыстар басталып кетті.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА