"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЕЛУ ОРЫНДЫҚ БАЛАБАҚШАҒА 207 БАЛА КЕЗЕКТЕ ТҰР

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 15-сессиясы өтті. Сессияға аудандық мәслихат депутаттары мен жауапты сала басшылары қатысты.
Аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатов төрағалық еткен отырыста аудандағы спорт саласына қатысты мәселе, сондай-ақ Хромтау қаласының, Абай және Ақжар сияқты өзге де ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы және өзге де мәселелер күн тәртібіне қойылды.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Санжар Жайлыбайдың мәлімдеуінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданда дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту үлесі — 44,1 пайыз. Бұл —  дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын 20599 адам. 2022 жылы бұл көрсеткіш 39 пайыз болған. Адам санының өсім динамикасы байқалады деуге болады.

— Былтыр есепті кезеңде 62 ірі көлемді (жалпы 200-ге жуық мектепішілік, ауылдық деңгейдегі) спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оған 22 000 адам қатысты. Оның ішінде жекпе-жектен республикалық, футболдан облыстық ашық турнир, волейбол мен қазақ күресінен халықаралық турнир және волейболдан ел чемпионаты өткізілді. Сонымен қатар, аудан жастарына арналған жастар спартакиадасы, орталық саябақта гір спорты, волейбол, стадионда футбол, стритбол сияқты өзге де спорт түрлерінен әртүрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылды. Биылғы жылға да спорттық іс-шаралар бойынша жоспар бекітілді. Одан бөлек, инфрақұрылым бойынша нақты шаралар қолға алынды. Соның бірі — Хромтау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені ғимаратының құрылысын аяқтау міндеті тұр, — деді ол.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 128 спорт нысаны бар. Аталған нысан пайдалануға берілсе, бұқаралық спорттың кең етек жая дамитынына еш күмән болмайды.

Сессия отырысында Ақжар және Абай ауылдарының да даму картасы талқыланды. Ауыларалық жол, әлеуметтік нысандар құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатысты ауыл әкімдері жоспарға сай атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
Алқалы жиында білім беру ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету жағдайы және білім беру сапасы да талқыланды. Сала басшысының айтуынша, ауданның білім беру саласында 27 жалпы білім беретін мектеп пен 18 мектепке дейінгі білім беру, 2 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарында кезектілік байқалады. Мәселен, Ақжар ауылында жаңа балабақша салу қажеттілігі туындап отыр. Себебі, ауылдағы 50 орындық балабақшаға 207 бала кезек күтуде.

Білім ордаларындағы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жөнінде де баяндама жасаған сала басшысы 2024-2027 жылдарға арналған жоспармен бөлісті.

— Хромтау қаласының бірнеше мектебінің сыртқы ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Биыл Хромтау қаласында №4 орта мектеп пен №5 Хромтау гимназиясына күрделі жөндеу жұмысына жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Ақжар ауылдық округі Жазық бекетінде 60 орындық негізгі мектеп құрылысы бойынша жер телімі беріліп, газ, су, интернеттің техникалық шарттарын алу үшін өтініш хаттар жазылды, — деді сала басшысы.

Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақжайна Серікқызы білім ордаларының күрделі жөндеуге дайындығын пысықтай беруді осы кезден бастауды ұсынды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ