"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ЖАМАҒАТ ЖИНАҒАН ЖЫЛУ

Су тасқынынан зардап шеккен аудандарға хромтаулықтар да бей-жай қарамай, тілсіз жаудың құрсауында қалған тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетті.

Облыс аймағының сай-саласындағы еріген қар, тасыған өзен суларының  салдарынан Қобда, Ойыл, Мұғалжар, Әйтеке би, Ырғыз және Темір аудандары мен Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Су басқан, қатынас үзілген ауылдар мен елді мекендерге төтенше жағдайлар құрылымдары қайық, тікұшақ секілді арнайы техниканың көмегімен авариялық-құтқару жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, барлық тұрғындарды эвакуациялық пункттерге уақытында орналастырды.

Аудандық «Нұр» мешітінің алдына жиналған жүк көліктері халықтың аманатына әп-сәтте толды. Мешіттің бас имамы  Ерік Қонақбайұлының айтуынша, Қобда мен Ойыл аудандарына 3 жүк көлігі бөлініп, азық-түліктен бөлек, ең қажетті деген заттарды жинаған.

— Жер-жердегі мешіттердің ұйымдастыруымен төтенше жағдай болған ауыл-аймақ пен аудандарға «Қиындықта ел бірге!» ұранымен жылу жинап жатқан жайымыз бар, — деді мешіт имамы.

Гуманитарлық көмекті қабылдау пунктіне алғаш боп келгендердің бірі Амангүл Сембайқызы су басқан өңірдегі ағайынның көңіліне кішкене болса да демеу болу мақсатында қаржылай қол ұшын созған.

— Апат айтып келмейтіні анық. Мынадай зілзаланы естігеннен кейін үйде отыра алмай, қолдан келген көмегімді көрсетуге келдім. Арты жақсы болса екен деп тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын, — деген хромтаулық Амангүл Сембайқызы өз үлесін жария қылмауын өтінді.

Көмек қорын жинаған жандар қажетті гуманитарлық көмек тізіміндегі тез бұзылмайтын азық-түлік, жылы киім, көрпе-төсек, гигиеналық құралдардан бөлек, жылытқыштар мен дәрі-дәрмектерді жиналған қаражатқа сатып алып, жолға шығып кетті.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ