Ақтөбе мыс компаниясы қызметкердің кішкентай қызына сүйек кемігін ауыстырып салу операциясын қаржыландыруға көмектесті.
Айым екі жаста. Әкесі қызының былтыр қараша айында ауырып қалғанын айтады. Дене қызуы көтеріліп, іші іскен. Бастапқыда ата-анасы жедел респираторлық вирусты инфекция деп ойлаған. Бірақ қан сараптамасы лейкоциттердің 100 есе артқандығын көрсетті. Еш күмән қалмады — Айымның денсаулығының нашарлауына жедел лимфобластикалық лейкоз себеп.
«Ең кенже, ерке қызымыздың сырқаты отбасымызға ауыр соққы болды, есеңгіретіп жіберді”», — дейді Әсет Тальменов.
Астанадағы онкологиялық орталықта алған химиотерапия курсы нәтиже бермеген соң отбасы шұғыл түрде Стамбұлдағы клиникаға жүгінеді. Ондағылар көмектесе алатындарын, сүйек кемігін ауыстырып салу операциясын жасауға болатынын айтқан. Айымның ата-анасы дереу қор ашып, ақша жинау қамына кірісіп кетті. Оларға жүздеген жанашыр жан, әріптестері мен достары қосылды. Қорды жабуға Айымның әкесі жұмыс жасайтын Ақтөбе мыс компаниясы көмектесті. Биыл ақпан айында кішкентай қызға өмірлік маңызды ота жасалды. Алдындағы әпкесі Айымға донор болды.
Айым қазір өзін жақсы сезінеді. Бірақ әлі бірнеше ай клиникада дәрігерлер бақылауында бола тұрады. Дәрігерлер донорлық жасушалардың қалай тамыр алатынын бақылап көрмек. Ата-анасы бүлдіршіндерінің тез арада үйге оралатынына сенімді.