"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарКәсіп

Әнуар Меңдіғалиев, кәсіпкер: Мақсатым – қаламыздағы ең үздік тамақтану орнын қалыптастыру

Әнуар Меңдіғалиев, кәсіпкер: Мақсатым – қаламыздағы ең үздік тамақтану орнын қалыптастыру

«Арафат» кафесі – мәзірі сан алуан, тіл үйіретін тағам түрлеріне толы қоғамдық тамақтану орны. Кафе жылы шырайлы қызметкерлерімен, үйлесімді интерьерімен, құлаққа жағымды әуенімен ерекшеленеді.

          Жақында ашылған «Арафат» кафесіне тұрақты келушілердің саны күн санап көбейіп келеді. Мұнда шығыс елдерінің асханасына, фастфудқа, тәттілерге, сусындарға және тағы да көптеген тағамдарға тапсырыс беруге болады. Бірегей кафе жайында халықтың пікірі де жақсы.

Әнуар Меңдіғалиев, кәсіпкер: Мақсатым – қаламыздағы ең үздік тамақтану орнын қалыптастыру

          – Ағымдағы жылдың тамыз айында әлеуметтік желі арқылы «Арафат» кафесінің ашылғанын көріп, отбасымызбен бардық. Өте үлкен таңдаудың арасынан өзбек халқының тағамынан дәм татып көргіміз келді. Көңілден шықты. Кафенің іші де өте жайлы, заманға сай жабдықталған, – дейді Хромтау қаласының тұрғыны Нұргүл Қошанбаева.

Әнуар Меңдіғалиев, кәсіпкер: Мақсатым – қаламыздағы ең үздік тамақтану орнын қалыптастыру

          Әңгімемізге арқау болып отырған тамақтану орнының иесі Әнуар Меңдіғалиев есімді жерлесіміз. Алғашқы кафесін төрт жыл бұрын ашқан ол кәсібін табысты ету жолында талай қиындықтармен бетпе-бет келді. Алайда кедергілерге дес бермей, діттеген мақсатына жетіп, өмірге тегеурінді көзқарасы мен еңбекқорлығының арқасында өз ісінің шеберіне айналды.

          Ол 1994 жылы Бөгетсай ауылында дүниеге келген. Мектепті 2012 жылы аяқтап, Ақтөбе заң институтына оқуға түскен. 2016 жылы, қолына дипломын алысымен, туған жеріне қайта оралып, ағасына шаруа қожалығын жүргізуге қолғабыс еткен.

Әнуар Меңдіғалиев, кәсіпкер: Мақсатым – қаламыздағы ең үздік тамақтану орнын қалыптастыру

          – Жоғары оқу орнынан кейін мамандығым бойынша жұмыс жасамадым. Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен сәтті айналысып келе жатқан ағам сырқаттанып қалғандықтан, ауылға барып, оның кәсібіне көмек бердім. Оның үстіне бала күнімнен кәсіпкер болуды армандадым. Сондықтан шаруа қожалығында еңбек ете жүріп, кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинағым келді. Ағамның жанында жүріп, біраз нәрсеге үйрендім.  Мал басын екі есеге арттырып, жақсы нәтижелерге жеттік, – дейді ол.

«Шыңға жеттім, толдым деп ойлайтын адамның дамуы тоқтап, міндетті түрде кері кетуі басталады» деген екен ойшылдардың бірі. Тұрақты табыс, жетістіктер – Әнуарда бұның барлығы болды. Дейтұрғанмен ол мақсатына жету үшін жайлы орнын тастап,  армандарын бағындыруға асыға жөнелді.  Бұрын-соңды шұғылданып көрмеген саланы меңгеріп, кәсіп ашты.

Әнуар Меңдіғалиев, кәсіпкер: Мақсатым – қаламыздағы ең үздік тамақтану орнын қалыптастыру

          – Шаруашылық қожалағында жұмыс жасап жүргеніме екі жыл өткеннен кейін өзімнің жеке кәсібімді ашуға бел буып, облыс орталығына кеттім. Ағамның шаруашылығының жай-күйін жақсартуға көмек берсем де, оның негізі менің еңбегіммен қаланбады. Ал мен басқаның кәсібін жалғастырудың орнына жаңадан іс бастап, өз күшімді сынап көргім келді.  Қалада кәсіп бастағысы келіп жүрген бөлеммен ақылдасып, сол кездері халық арасында жаңадан белгілі бола бастаған фастфуд өнімдерін әзірлеуге шешім қабылдадық. Екеуміз қаражатымызды қосып, жалға бөлме алдық. Бөлем – аспазшы, мен – жеткізуші міндетін атқардым. Әуелде айтарлықтай пайда көрмедік. Бірақ бір пиццаға тапсырыс келсе де қуанып, жұмысымызға ерекше құлшыныспен кірісетінбіз. Сәл уақыт өте келе, күніне он шақты тапсырыс келе бастады. Біз кәсібімізді дамыту жолында жатпай-тұрмай еңбек еттік. Үлкен кафе ашқымыз келді. Алты айдан кейін достарымның бірі хабарласып, бізбен серіктес болғысы келетінін айтты. Оның кафесі болды. Бірақ ол кәсібін жүргізе алмай отырды. Ал бізде кафе болмаса да, тәжірибе жинап үлгерген едік. Сондықтан үшеуміз күшімізді жұмылдырдық. Бастапқыда барлығы ойдағыдай жүрді. Дегенмен араға тағы да алты ай салып, досыммен сөзге келіп қалдық. Кәсіп болғандықтан, ондай кедергілер болып тұрады. Сөйтіп бөлем екеуміз қайтадан барлығын басынан бастадық. 400 мың теңге көлеміндегі орынды жалға алып, жеті адамды жұмыс алдық. Күніне 500 мың теңге табыс тауып, кәсібіміз күннен күнге үлкейе түсті. Алайда әлемде короновирус індеті таралғандықтан, карантин жарияланып, кафедегі жұмыс тоқтап қалды. Жалға алған орынға екі ай бойы төлем жасай алмай қалдық. Барлығы құрдымға кетті, – дейді кәсіпкер.

Әнуар Меңдіғалиев, кәсіпкер: Мақсатым – қаламыздағы ең үздік тамақтану орнын қалыптастыру

          Бар күш-жігерін, уақытын, жанын салып кіріскен ісін жоғалту – Әнуарға оңайға соқпағаны анық. Бірақ  сылтау іздеу, өмірге шағым айту секілді іс-әрекеттер ол үшін мүлде жат. Қандай жағдайда болмасын, жеңімпаз болуға дағдыланған ол алдына келген кедергілер мен сәтсіздіктерден сабақ алып, кәсібін жандандыра білді.

– Ақтөбе қаласында жүргенімізде таныстарымыздың көпшілігі Хромтау қаласында да қоғамдық тамақтану орындарын ашу қажет екенін айтатын. Сондықтан осында келіп, екі қабатты ғимаратты жалға алып, кафе аштым. Әрине, бұған бірден жеткен жоқпын. Ақтөбе қаласындағыдай, бұнда да кішігірім кәсіптен бастадым. Қазір күніне 300-400 мың аралығында табыс түседі. 20 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Кафеде туған күндер көптеп ұйымдастырылуда. Жаңашылдықтарды енгізуге де тырысамыз. Мәселен, жақында үлкен қазанды орналастырып, тағы да ерекше тағам түрлерін мәзірге қосқымыз келіп отыр. Таңнан кешке дейін кафенің жұмысымен жүремін. Азық-түлікті облыс орталығына барып, алып келемін. Жалпы, кез келген кәсіпкер халыққа сапалы өнім ұсынуды мақсат етсе, оның берекесі, нәтижесі болады. Сондықтан біз халықтың пікірімен жиі санасып отырамыз. Көпшілігі тағамдардың өте дәмді екенін айтады. Бірақ жылдамдықты көбейту қажет екенін де жеткізеді. Біз бұндай ескертулермен келісеміз және жаңадан ашылған кафеміздегі қателіктерді дұрыстауға ұмтыламыз. Өйткені менің мақсатым – қаламыздағы ең үздік тамақтану орнын қалыптастыру, – дейді Әнуар.

Жанел Нұрболатқызы

ПІКІР ЖАЗУ