"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

ДӘСТҮРЛІ ВОЛЕЙБОЛ ТУРНИРІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Волейбол спорты — ауданымыздың имиджін айқындаған кәсіби спорт түрі. Мәселен, ерлер құрамасы ұлттық лигада талай рет топ жарса, бүгінде қыздардан құралған «Әлия» командасы еліміздің намысын жоғары деңгейде қорғап жүрген санаулы кәсіби спорт ұжымдардың бірі де бірегейі.

Жастар арасында көп қызығушылыққа ие болған аталмыш спорт түрінен аудандық деңгейде доп додалары  үнемі ұйымдастырылып келеді. Жанкүйер мен көрермендердің басты назары да осы спорттың айналасындағы жеткен жетістіктер арқылы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Осынау сабақтастық жолды жалғау мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығының жоспарына сәйкес жастар мен мекемелер құрамаларының арасында волейболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылған болатын. Бұл ашық турнирдің басты ұйымдастырушысы аудандық жастар ресурсының басшысы Қарлығаш Өмірзақованың айтуынша, волейбол спорты командалық ойын болғандықтан салауатты өмір салтын ұстанудан бөлек, ең алдымен ұжымдық бірлестікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі дода екен. Аталмыш шараға аудан жастарынан 2 құрама, төтенше жағдайлар бөлімі, №7 гимназия мұғалімдері және Жастар лигасының қос құрамалары арасында қызу тартысты волейбол ойыны ұйымдастырылды.

Волейбол сенсация мен эмоцияға толы ойын. Комбинациялық ойыныңды қарсылас команда оқып қойса әп-сәтте қарымта шабуылмен-ақ қарсыласты жеңіп кете алады. Бұлай деуімізге себеп болған бірнеше ойындардың нәтижесі. Мәселен, спорттың қай түрінен болмасын фаворит боп есептелетін төтенше жағдайлар бөлімі осы жолы қарсыластарына бірнеше рет есе жіберіп қойды.

Есесіне жүйелі ойын көрсеткен №7 мектеп-гимназиясының құрамасы бірінші орын ала білді. Ақтық сайыс нәтижесінде ұстаздарға жеңілген Жастар Лигасының бірінші құрамасы күміс алқаны қанағат тұтса, екінші құрам жүлделі үшінші орынды иеленді. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік силықтар мен марапаттар ұсынылды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ