Қазынаға толы кенді өлкемізде елге үлгі боларлық азаматтардың жүріп өткен жолын, олардың халық үшін жасаған еңбектерін білу, оны жас ұрпаққа жеткізу — біздің міндет.
ЖАУЫНГЕРДІҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Аудан тарихында елеулі орын алған, туған жердің төсінде аянбай еңбек еткен Сейілхан Ерманұлы Ермановтың биыл туғанына 100 толды.
Сейілхан Ерманов 1924 жылы 15 шілдеде облысымыздың бұрынғы Новоресей (қазіргі – Хромтау) ауданы №16 Қызылсу елдімекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1941-1942 жылдары Новоресей ауданына қарасты Никельтау стансасында құрылыс бөлімінде жұмысшы ретінде еңбек жолын бастаған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1943 жылы Башқұрт АКСР-нің Уфа қаласында жаяу әскер училищесінің курсанты, 16-мина полкінің әскер қатарында болған. 1943-1944 жылдары соғыста жарақат алғаннан кейін елге қайтарылған.
Майдан даласында полк әскерлерімен бірге жолды минадан тазалау жұмыстарына араласқан. Немістер тұтас бір ауылды адам денсаулығына зиянды «умен» улаған. Полк жауынгері Ерманов осыдан қатты уланып, жарақат алады. Осының салдарынан бір-екі жылға емделуге жіберіліп, кейін елге қайтарылған. Алған ордені мен медальдары, марапаттары да баршылық. Атап айтсақ, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Ұлы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар да жауынгердің кеудесіне тағылды.
Туған ағасы Жауғашты Ерманұлы да соғысқа аттанып, із-түзсіз жоғалғандар қатарында кеткен.
Сейілхан Ерманұлы 1944-1948 жылдары Новоресей ауданы Никельтау стансасында бақылаушы болды. Ол соғыстан кейінгі қиын уақытта өзінің еңбек жолын осылай жалғастырды. Кейін ол аталған ауданның Қопа ауылында сауда бөлімінде есеп, Новоресей ауылында бас есепші де болған. Бірнеше жыл сауда саласында жемісті еңбек еткен Сейілхан Ерманов ұжымшар төрағасы, Новоресей аудандық атқару комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі де болды. Оның еңбек кітапшасынан бір кездері Қопа кеңшарының мал шаруашылығы маманы, партия комитетінің хатшысы, май зауытының директоры, ауданның бақылаушы-ревизоры, аудит басқармасының аудиторы, аудандық мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы сияқты жоғары лауазымдық қызметтерді атқарғанын білдік. Ол өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өркендеуіне үздіксіз қызмет жасады. Селолық, аудандық халықтар депутаты және партия комитетінің мүшесі болды.
ТӘРТІП ПЕН ТАЛАП — БАСТЫ ҚАҒИДА
Жетпіс жасында өмірден озған С.Ермановтың ұрпақтарымен сөйлесудің сәті түсті бізге. Адам баласы артында саналы ұрпақ қалдырса ғана мәңгі жасайды. Қызы Нәзтай: «Әкем тек адал еңбек етсеңдер ғана бақытқа кенелесіңдер, табысқа жетесіңдер. Ал мемлекет өзі бағасын береді», — деп әкенің үнемі айтатын ақыл-кеңесін бізге жеткізді.
Кенже қызы Светлана болса адам баласына ақ сүт беріп өсірген анасы мен асқар тау әкесі қымбат екенін айтып: «Әкеміз қатал, тәртіпті талап ететін, адамгершілігі мол, әділ, әдепті, парасатты, жан-жағына жәрдем бере білетін қамқор адам болатын. Тіпті біз кішкентай болғанда да әрқайсымыздың сабаққа деген үлгерімімізді қадағалап, күнделікті өзі жиі тексеретін, мектептегі ата-аналар жиналысына да өзі қатысатын. Отбасындағы 8 балаға әкеміз үнемі көңіл бөліп, қатаң тәртіппен тәрбиелеп, өмірдің сан-қилы жолдарында ақыл-кеңесін бере білген арқа сүйер ақылшымыз еді. Осындай тәртіп пен талаптың арқасында ата-анамыз барлық баланы жоғары оқу орнына түсіріп, өмірде жақсы нәтижеге қол жеткіздік», — деп еске алады.
Бұл шаңырақтың тұңғышы Қуаныш Сейілханұлы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын бітірген. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше медальдармен, министрліктің, облыстық және аудандық партия комитеттері мен облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал қызы Нәзтайдың мамандығы — дәрігер. Қазтайы мен Күләші білім беру саласында жемісті еңбек етсе, Күлпаршыны — қаржыгер. Түрлі салада жемісті еңбек еткен қызы Светлананың, ауған соғысының ардагері Әділханның еңбек жолдары қызығарлықтай. Өкініштісі, кенже ұлы Әуесханның өмірден ерте озуы бұл шаңырақ иелерінің қабырғасын қайыстырып жіберген еді.
САНАЛЫ ҰРПАҚ — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
Сейілхан Ермановтың жұбайы Айша Әшімбекқызы 1928 жылы 10 тамызда Қостанай облысының Красный партизан ауылында дүниеге келген. 1944-1948 жылдары Никельтау ауылында, кейін ауданның Искра аталған кеңшарында сауда саласында жемісті еңбек етеді. Көктөбе, Новоресей, Құдықсай елді мекендерінде де сауда саласында жұмыс жасайды. Кейін ол Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшыларды қамтамасыз ету бөлімінде де абыройлы қызмет етіп, 1987 жылы зейнеткерлікке шығады.
Сейілхан Ерманұлы мен Айша Әшімбекқызы 1943 жылы отау құрып, 8 бала тәрбиелеп өсірген. Бала тәрбиесі мен жұмысты қатар ала білген «Алтын алқа» иегері өзінің көп жылғы еңбегінің нәтижесінде орден-медальдармен, Алғыс хаттармен де марапатталды.
Қазіргі таңда ата-әжесінің ізін қуып, еліміздің түкпір-түкпірінде бұл әулеттің ұрпақтары жемісті қызмет етіп жүр. «Адам ұпағымен мың жасайды» деген дана халқымыздың бұл сөзі осындай жандарға арналған-ау, сірә?!
P.S. Туған жердің тарихын білу — ата-бабаңның тарихын білу. Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінде жыл сайын дәстүрлі түрде жүргізілетін «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы аясында музейіміздің қоры біршама жәдігерлермен толығып отырады. Сейілхан Ермановтың ұрпақтары тарихи құжаттар мен жәдігерлерді музей қорына тапсырды. Ұрпаққа үлгі болар Ермановтар отбасы туралы көптеген мағлұматтар алып, танысып қана қоймай, келешек ұрпаққа насихаттау — біздің еншімізде.
Лаура ҚОЖАХМЕТҚЫЗЫ,
Хромтау аудандық тарихи-өлкетану
музейінің кіші ғылыми қызметкері