"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Сұхбат

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ — НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚ

Бүгінде сот жүйесіндегі қолданыста бар және жаңадан енгізілген немесе өзгеріске ұшыраған тәжірибелер мен аудан аумағындағы сотта жиі қаралатын мәселелер төңірегінде Хромтау аудандық сотының төрағасы Ерлан Бақытжанмен әңгімелескен едік.

Оның айтуынша, ауданда ауыр және аса ауыр қылмыстық іс тіркелмеген. Заңдылығы бойынша, мұндай істер мамандандырылған облыстық сотта қаралады. Алайда ауданда неке бұзу ісі бойынша жүгінетіндер қатары көбейген.

— Былтыр аудандық сотта жалпы саны 405 арыз-шағым қабылданса, оның 198-і азаматтық іске қатысты, оның ішінде неке бұзу бойынша талап пен арыздар тіркелді. Өкінішке қарай, ажырасуға шешім қабылдағандардың дені — жас отбасылар. Біз сондай отбасыларды татуластыруға қолдан келгенше заңды көмегімізді көрсетуге тырысамыз. Мәселен, жоғарыда атап өткен 198 талап пен арыздың ішінде 61 отбасы татуласса, 67-не қатысты шағым қайта шешім қабылдау деңгейінде, — деді сот төрағасы.

Ажырасу — қоғамның ауыр дерті. Еліміз осы әлеуметтік мәселеде әлем бойынша көш ілгері екенін де жасыра алмаймыз. Сондықтан ауданымыздың бас судьясы отбасы құндылығын жетілдіру, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында елімізде заңның қайта қаралып, күшіне енуін жіті бақылап отырған қалың қоғам алдында да толық түсіндіріп өтті.

— Отбасына қатысты заңның күшеюі заман талабы болып тұрғаны рас. Сондықтан өзгеріске ұшыраған бірнеше заңды мысалға келтіріп өтейін. Мәселен, әкімшілік істе қаралып келген отбасыға арналған заңнама бойынша жәбірленушіден арыз түспесе, іс қозғалмайтын. Былтырдан бастап бұл заңға түбегейлі өзеріс енді. Қазір полиция бөліміне куәгердің бір ғана хабарламасы жетіп жатыр. Іс анықталған жағдайда тиісті заңды шаралар қолданылады. Оның үстіне отбасылық зорлық-зомбылыққа байланысты бірқатар әкімшілік істер қылмыстық іске ауысып жатыр. Тиісінше жазасы да ауырлап, қылмысты болдырмауына барынша септігі тиіп жатыр, — деді ол.

Отбасындағы ойранға байланысты баламалы жазалардың да күшейгенін аңғару қиын емес. Мәселен, бұрын әкімшілік іс боп есептелгендіктен ескерту, айыппұл және белгілі бір күнге дейін қамаққа алу жазасы қарастырылса, қазіргі таңда қылмыстық іс болып есептелгеннен кейін жәбірленушінің пікіріне сүйене отырып, белгілі күнге қамаққа алу жазасы қарастырылған. Десе де заңға бағынбай тұрған тұрғындар қатары азаяр емес.

Отанның беріктігі отбасынан, отбасының беріктігі тәрбие мен дүниетанымда екені есі бар адамның санасында жаңғырып тұратыны белгілі. Отбасылық құндылықтарды сақтау арқылы қоғамдық мүддені де жоғары көтере аламыз. Сондықтан заң да әрдайым адам құқығы мен құндылығын қорғайды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ