"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЖАҢА ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Ауданымызда қуаты 150 МВт құрайтын жаңа баламалы энергия көзінің құрылысы басталды. Құрылыс нысанының басты инвесторы – «ERG capital»-дың өз кәсіпорындарына декорбонизация бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан үлкен жоба.

Жалпы елімізде баламалы энергия көздерін өндіру әрі жетілдіру бір жолға қойылған деп айтуға негіз бар. Әсіресе, жел электр станциясының ең негізгі артық тұсы — аудандағы ірі кәсіпорынның электр қуатын пайдалану қорын көбейту мақсатында өңіріміздің климаттық ерекшелігі оңтайлы әрі қолайлы факторы кепіл болады. Сондықтан, кәсіпорын басшылығы соңғы технологияларға сүйене отырып, аталмыш нысанның құрылысын қытайлық «SINOHYDRO CORPORATION LIMITED» компаниясына сенім білдірген. Компания құрылыс жоспарына сәйкес жел электр станциясын 2 жыл мерзімде толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Баламалы энергия көзінің алғашқы құрылыс жұмыстары нысан айналасында салтанатты түрде өткізілді. Шараға «ERG capital» мен «SINOHYDRO CORPORATION LIMITED» компанияларының өкілдері және аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов арнайы қатысып, алғашқы құрылыс жұмыстарының куәгері болды. Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген Нұрхан Тілеумұратов жобаның маңыздылығы мен артық тұстарын алға тартып, құрылысшыларға сәттілік тіледі.

— Бұл — аудан әлеуеті үшін тиімді жоба. Сондай-ақ тұрғындарымыз үшін де маңызды. Себебі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, электр қуатының таралу желісінің көбеюі секілді факторлар әлеуметтік жағдайға оңтайлы әсерін туғызады. Біз де өз кезегімізде серіктестерге қажетті және қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, — деді ол.

Жел электр станциясының жалпы аумағы 150 гектарға жуықтайды. Әлемдік ESG қағидаттарына сәйкес салынатын ЖЭС генераторларына желдің ең кемі 3 метр қарқыны да жетіп жатыр. Бұл туралы толыққанды ақпарат берген аталмыш жобаның басшысы Валерий Шило өңіріміздегі ең ірі жобаның бірі екенін атап өтті.

— Жобаға сәйкес бұл паркте өндіріс ошағын қуаттайтын 24 негізгі баған есептеліп, конструкциялық жұмыстар басталып кетті. Генераторлардың әрқайсына ең кемі 24 кВт қуат жинайтын бағандардың құрылысы келесі жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлаудамыз, — деді жоба жетекшісі.

Заманауи технологиялардың аудан тынысын кеңейтіп жатқаны көңіл қуантады. Себебі, электр қуатының тапшылығы, экологиялық жүйе секілді ауқымды мәселелер өз шешімін бір ғана жобамен ақтап жатыр. Құрылысы сәтті аяқталып, аудан тұрғындары игілігін көреді деген сенім мол.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ