"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Мәдениет

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен мәдениет және өнер қызметкерлері мерекесінде саланың дамуына елеулі үлес қосқан үздіктерді салтанатты марапаттау кеші ұйымдастырылды.

Іс-шараға аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов, сондай-ақ сала ардагерлері, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары және мәдениет қызметкерлері қатысты.

—  Мәдениет пен өнерді дамыту — біздің ортақ парызымыз. Мәдениет саласының даму жолында келеңсіз жағдайлардың барлығына мойынсұнбай төтеп беріп, барлық іс-шараларда алдыңғы қатарда жүрген сіздердің үлестеріңіз өте зор. Өнер өлкесінде өрге шыққан өнегелі өмірімен көпке үлгі болған мәдениет және өнер ардагерлерінің ғұмыры жас өнерпаздар мен мәдениет саласының өкілдері үшін ғибратты жол екені анық және мұрагерлік сабақтастығы арқылы бағалы. Ұлттық құндылықтарымызды, мәдени мұраларымызды қалың қоғамға танытып жүрген ерен еңбектеріңіз бен қажырлы қайраттарыңызға зор алғыс білдіремін. Биыл аудандық мәдениет үйінің құрылғанына да 25 жыл толады. Осынау тәуелсіздік жылдары қатар құрылған мәдени ошағымыздың керегесі кең, көрермені көп болсын, — деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Аудан басшысы атаулы саланы дамытудың маңызды бағдары — Мемлекет басшысының басты назарында екенін де атап өтіп, ауданның мәдениет және өнер саласындағы атқарылып жатқан іргелі істерге тоқталды. Мәселен, аудан орталығында бой көтеріп жатқан 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы биыл аяқталса, аудандық мұражай мен кітапхана ғимаратының мәселесі шешімін табатынын жеткізді. Одан бөлек, Дөң ауылындағы мәдениет үйі мен Көктаудағы клуб құрылысы жеке бақылауында екенін айтты.

Салтанатты шара барысында сала ардагері Болат Ашабаев құттықтау сөз сөйлеп, жас буын әріптестеріне шығармашылық табыс, қызметтеріне сәттілік тіледі.  Мерекеде ардагерлерге де ерекше құрмет көрсетілді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ