"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Экономика

КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ: ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ШАРУА?

Өндірісі мен өнеркәсібі қатар дамыған Хромтау ауданында

ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Жерден несібе іздеген диқан да, төрт түліктен нәпақа тапқан шаруа да өз кәсібінің жемісін көріп отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалиннен биылғы көктемгі далалық жұмыстардың жай-күйі және өзге де мәселелер төңірегінде сұхбат алған едік.

— Әңгімемізді саланың өткен жылғы жұмыс нәтижелерінен бастасақ.

— Былтыр ауданда дәнді дақыл жинау жұмыстары жоспарға сәйкес орындалды. 51 116,39 гектар аумақтағы жаздық дәнді дақыл алаңы шабылып, нәтижесінде 59 128,5 тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік — 11,5 центнер болды. Сонымен қатар 9 170 гектар майлы дақыл алқабы шабылып, жалпы 4 628 тонна өнім жиналды. Майлы дақылдардың орташа өнімділігі 4,5 центнерді құрады. Шаруалардың жұмысы артып, диқандардың бел шешіп еңбекке кірісер мезгілі де келді.

— Биыл бұл бағытта қанша аумаққа тұқым себіледі?

— Агроөнеркәсіптік кешен негізінде аумақтарды дамыту жоспарына сәйкес аудан бойынша биыл 109 922,7 гектар жерге егін егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар үлесі — 51 025 гектар, майлы дақылдар үлесі — 16 205 гектар, көкөніс, бақша дақылдары 128 гектар, мал азығы дақылдары 42 569,7 гектар жерге егілмек. Сондай-ақ  көп жылдық мал азығы, судан шөбі, еркекшөп (житняк) егу де жоспарда бар.

— Шаруалар үшін маңызды мәселе — тұқым. Тұқым қажеттілігі қалай шешіліп жатыр?

— Биыл қажеттілік бойынша 6 558 тонна тұқым құйылып, тапсырма 102,4 пайызға орындалды. Мәселен, аудандағы «Данияр» шаруа қожалығы 600 тонна, «Елім Табантал» серіктестігі 120 тонна, «Ақжар Агро» серіктестігі 180 тонна элиталық бидайды Ресей Федерациясының «Шильдинское» акционерлік қоғамынан сатып алу шарты негізінде алды.

— Көктемгі танаптық жұмыстардың бірі — ылғал жабу. Бұл жұмыстардың  жүргізілу қарқыны қалай?

— 27 мамырдағы жағдай бойынша, ауданда ылғал жабу жұмыстары 67 265 гектарға, химиялық өңдеу жұмыстары 8 900 гектар алқапқа және көктемгі жер жырту жұмыстары 131 гектар жерге жүргізілді. Сондай-ақ 56 084 гектар жерге себу жұмыстары жүргізілді. Бұл — жалпы жоспардың 75,5 пайызын құрайды. Биылғы жоспар — 74 200 гектар.

Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу кезінде шаруалар мемлекет тарапынан арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Бұл — жыл сайын тұрақты түрде берілетін қолдау. Бұл орайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына дизель отыны бойынша барлығы 34 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерден 1076,01 тоннаға өтінім берілді. Дизель отынын шаруашылықтарға жіберуші операторлар — «АЗС — Лидер» және «Батыс Жер» серіктестіктері. Шаруаларға дизель отынын жіберу бағасы литріне 249 теңге. Бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан.

Қазіргі таңда «АЗС — Лидер» серіктестігі арқылы 546 тонна дизель алу үшін 18 ауыл шаруашылық құрылымы келісімшартқа отырса, «Батыс Жер» серіктестігімен 425 тонна дизель отынын алуға 7 шаруашылық келісім жасады.

Бүгінгі күні 25 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 560 тонна дизель отынын тасып алды. Оның 340 тоннасы «АЗС — Лидер», 220 тоннасы «Батыс Жер» серіктестігіне тиесілі.

— Далалық жұмыстарды жүргізуде шаруашылықтар үшін ең бастысы — техниканың жарамдылығы. Бұл мәселе қалай шешілді? 

— Биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауданның тоғыз ауыл шаруашылық құрылымы несие институттарынан жалпы құны 699 миллион теңге көлемінде қаражат алды. Биыл ауыл шаруашылық техникалар паркі жаңартылды. Биыл бұл бағытта берілген тапсырма 122 дана техника сатып алу болса, барлығы 37 дана жаңа техника сатып алынып, 1,5 миллиард теңге шамасында ауыл шаруашылығына инвестиция тартылды. Тапсырманың орындалуы — 30,3 пайыз.

Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін аудан бойынша 574 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда техникалардың дайындығын 100 пайыз деп ауыз толтырып айта аламыз.

— Ауданның мал шаруашылығын дамытуда биыл қандай іс-шаралар қолға алынады?

— Мал шаруашылығы да назардан тыс қалмайды. Ауданда бұл салада да өсім бар. Осы жылға мал шаруашылығын дамыту аясында облыс әкімі ірі қара санын 41 600, ұсақ мүйізді мал санын 51 900-ге жеткізу турасында индикативтік тапсырма берген болатын. Оның ішінде асыл тұқымды ірі қараны 14 044, ұсақ мүйізді мал санын 13 843-ке жеткізу міндеті тұр. Тапсырма бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ