Ақтөбе мыс компаниясының қызметкерлері Көктау ауылы тұрғындарымен экологиялық акция өткізді. Олар Ор өзені айналасын қоқыстан тазартты. Экобелсенділерге балалар да қосылды.
Бұл — аталған кәсіпорын жұмысшыларының Көктау ауылдық округі әкімдігі, жергілікті тұрғындармен бірлесе өткізген соңғы айдағы екінші сенбілігі. Бұған дейін тату ұжым Самара-Шымкент тас жолы бойындағы аумақты тазалап, ретке келтірген.
Көктау ауылы әкімі Бақытбек Осмаханов:
—Компания үнемі ауылдың тіршілігіне, көркеюіне атсалысып, техникамен қамтамасыз етіп отырады. Мұндай акциялар — үлкен бастама, біз сенбіліктерді үнемі өткіземіз. Бәріміз бірге ауылдың айналасын тазалауға шығамыз.
Сенбілікке қатысушылардың сөзінше, мұндай іс-шаралар тұрғындарды біріктіреді және өзгелерге үлгі.
Жұмажан Жолдыбаев, эколог:
— Мақсатымыз бір — айналамызды таза ұстап, көркейту. Оған мейлінше жергілікті қызметкерлер мен еріктілерді тартуға тырысамыз.
Кәсіпорын ішінде де экологиялық мәдениет насихатталады. Ақтөбе мыс компаниясы қызметкерлері тау-кен байыту комбинаты мен кен орындарында сенбіліктер өткізіп тұрады. Жұмысшылар аптасына бір рет ағаш отырғызып, өндірістік алаң мен вахталық қалашықтарды көріктендіруде. Мұндай шараларға барлық бөлімшелер мен цехтардың қызметкерлері кезектесіп қатысады.
Ләззат ӘБДІРОВА