"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
СпортСұхбат

ТҰРАРДЫҢ «ТЕМІР» ҰЛЫ

Спорт — денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын ұстану — адам өмірінің ұзаруына, дене бітімі мен бұлшық етінің жақсы қызмет етуіне ықпалы зор. Біздің кейіпкеріміз — спортшы Берік Тұрарұлы осындай жан.

Берік Молдабаев 1978 жылы мамырда кенді өлкенің киелі топырағында, аты аңызға айналған Ойсылқара жерінде дүниеге келген. Спортшының балалық шағы әкесінің жұмысына қарай Хромтау ауданының Ойсылқара, Жамбыл, Көктөбе, Дөң ауылдарында өткен. Әкесі кеңес үкіметінің тұсында дүкенші, есепші қызметтерін атқарып, артынан қой бағып, ата кәсіпті қолға алады. Жастайынан ерте еңбекке араласқан ауыл баласы Берік те сақман уақытында әкесіне көмекші болып, асау үйретіп, атқа мінеді. Ол 1995 жылы Ойсылқара ауылынан 11-сыныпты бітіріп, әкесінің кеңесімен, әрі өзіне қойылған «ревматоидты полиартрит» диагнозына байланысты медициналық колледжге оқуға түседі.

—  Мектеп бітірер кезде денсаулығым сыр бере бастады. Сондықтан әкем медицина саласына оқуға түсуге кеңес берді. 1998 жылы медициналық колледжді тәмамдап, Ақтөбе қаласына көштік. Сол жерде өзім ұнатқан қаржылық мамандығы бойынша «Рауан» колледжіне оқуға түсіп, оны 2000 жылы сәтті аяқтадым. Жұмысқа орналасу үшін барлық жер әскери билет сұрады. Содан Алматы қаласында әскери борышымды өтедім. Бұл — 2000-2002 жылдар аралығы еді. Әскери билетімді қолға алып, енді жұмыс іздегенім сол еді, барлық жер жоғары білім сұрады. Содан өзім қалаған қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Әскер маған көп нәрсені үйретті. Спортты қолға алуыма, өмірлік жұбайымды жолықтыруыма ықпал етті, — дейді Берік Тұрарұлы.

Ол 2016 жылы Астана қаласына қоныс аударады. Берік жұбайы Ажармен әскерде жүргенде танысып, отау құрады. Содан бері 20 жылдан астам уақыт отбасылық өмірінде төрт перзентін тәрбиелеп, жеткізіп келеді. Қазір ол салауатты өмір салтын насихаттап, өз спорт залында жұмыс жасайды.

—  Кәсіпкер болғым келді. Астанаға қоныс аударғаннан кейін бар жиған қаржымды бизнеске салдым. Алайда сәтсіздікке ұшырадым. Содан өзіммен жұмыс жасап, өзімді, ортамды өзгертіп, көп оқып, көп үйреніп, спортты қатар алып жүргеннің арқасында жетістікке жеттім. Алматыда екі жыл әскер қатарында болғанда жүгіру және басқа да спорт түрлері көбейген сайын бойымдағы дертім жеңілдей берді. Әскерден келген соң спортты біржола қолға алдым, — дейді Берік Молдабаев.

Ол өзінің спорттағы жетістіктерін, оның ішінде алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

—  Спортпен тұрақты айналыстым. Соның арқасында ауруымды жеңдім. Спорттан шаршамайтынымды байқадым. Спорт маған үлкен күш-жігер берді. Екінің бірі жете алмайтын жетістікке жеттім. 2019 жылы спорт әрі тынымсыз еңбектің нәтижесінде Италиядан әлемдік «Темір адам» атағына ие болдым. Содан өзіме сенімім артты. Ал дәл сол сәтте қуаныштан көзімнен жастың қалай шыққанын байқамай қалдым. Одан кейін әлемдік «Теңіз адамы» атағына қол жеткіздім. Жиырмаға жуық марафонға қатыстым. Қазір боксты қолға алдым. Үлкендер, яғни +35 жастан кейінгі адамдар арасында «Ринг патшасы» атағы үшін өткен жылы болған жарысқа қатыстым. Сәтсіздік болды. Мен берілмеймін, сондықтан осы жылы болатын сол жарысқа дайындалып жатырмын. Жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, өздерінің алтын уақыттарын пайдалы іспен айналысуға жұмсауға шақырамын, — дейді спортшы.

Өмірден көпті көрген, көпті көкейіне түйе білген спортшы жастарды тек жақсы іске жұмылуға шақырады. Ол болашақта өзі туған жерінде жастар үшін спорт залын салып, оларды салауатты өмір салтын ұстануға үйретіп, спортпен айналысатын жастарға көмек қолын созғысы келеді.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

6 комментариев

Сапарбекова Сәуле Тәліпбекқызы 12.06.2024 at 01:55

«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші Беріктің қазақтың қазіргі Қажымұқаны, қара күш иесі Темір Спатаев батырымыз екеуі Астана қаласындағы бірнеше мектептерде, оқушыларды спортқа баулу мақсатында, кездесу ұйымдастырып, талай оқушылардың спортқа деген қызушылығын арттырды, жас өспірімдердің спортпен айналысуларына себепші болды. Өте риза болғаным бұл жігіттердің әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларды өз спорт залдарында тегін жаттығу жасауларына мүмкіндік бергендеріне өте қатты риза болғанымнан, тікелей қоңырау шалып, ризашылығымды білдіріп, осылай таныстым Берік батырмен. Әрқашан өзін-өзі қамшылап жүріп, ерен еңбегі мен шыдамдылығының, ішкі рухының мықтылығының арқасында жазылу-жазылмауы екіталай ауруын жеңіп шығып, қазірде спорт майталмандарының бәрі бірдей игере алмайтын спорт нормасын айнытпай орындап, қазірде «IRON MAN» атағының иегері Берік батырымыз қазақтың жастарына үлкен үлгі болатындай нағыз ТҰЛҒА! Алға, батырым! Алар асуларыңа әлі де берік бол, Берікжан!
Құрметпен,
өзіңді ерекше құрметтейтін
зейнеткер апайың Сәуле Тәліпбекқызы
Алматы қаласы

Reply
Гульнур Казтаева 12.06.2024 at 09:24

Берик алга , биз сенмен мактанамыз 👍🏻👍🏻👍🏻👍🏻😘😘😘😘😘

Reply
Берік 12.06.2024 at 20:01

Туған жерімнің газеті осылай жазғандарыңа, құрметтеріңізге көп РАҚМЕТ! Алла разы болсын! Еліміз тыныш болсын! Қазақ жастары мықты болсын! 🦾🏊‍♂️🚴🏃🏻‍♂️🇰🇿

Reply
Берік 12.06.2024 at 23:15

Спорт денсаулықтың кепілі ☝️🫵🏊‍♂️🚴🏃🏻‍♂️👍!

Reply
Берік 12.06.2024 at 23:19

Сіз спортпен айналыспасаңыз 🫵🏊‍♂️🚴🏃🏻‍♂️, дәрігер сізбен айналысады☝️….

Reply
Терегулов Шамиль 13.06.2024 at 00:48

Берик IRON батыр ✊, примерный семьянин 👍, целеустремлённый спортсмен 👍, хороший тренер✊,отличный пример для подростающего поколения, мы гордимся тобой.

Reply

ПІКІР ЖАЗУ