"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

АБЫРОЙ БИІГІНДЕГІ ЖАС МАМАН

«Мемлекеттік қызметші — елдің айнасы» айдарының бұл жолғы кейіпкері — жас та болса өзінің еңбекқорлығымен, әділдігімен, қарапайымдылығымен көзге түсіп жүрген қызметкер — Асыланбек Бурабай.

Жақсы маман атану — белгілі бір дайындықты, жауапкершілікті талап етеді. Өз қызметіне барынша мұқият қарайтын Асыланбек Бурабай өзіне жүктелген міндетті зор жауапкершілікпен атқарып,  аянбай еңбек етіп жүр.

Ол еңбек жолын осыдан үш жыл бұрын Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде курьерліктен бастады. Бұл салада бас маманның міндетін атқарушы, бас маман, ал қазіргі таңда осы салада сектор меңгерушісі болып қызмет атқарады. Әр саланың өз маңызы, артылар жүгі, міндеті бар. Салмағын сараптап, жауапкершілікті сезіне білген қызметкер үшін істің ауыры болмайды дегендей, Асыланбек әріптесімнің аздаған жылдар ішінде саланың дамуына қосқан үлесі зор.

«Еңбек — ер атандырар» демекші, біздің болашақ ұрпақ осындай Асыланбек сияқты еңбекқор, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, қызметі үшін жанын салатын, халқына адал адамдарды үлгі тұтып, олармен мақтанса деймін.

Ырғыз ауданының перзенті Асыланбек Бурабай өткен жылы шаңырақ көтеріп, қазір жас отбасында іңгәлаған сәбидің үні естіледі.

Болашағына зор үміт арта отырып, оған шығармашылық табыс, игі істерінің оңға басуын тілеймін!

Нұрлан ШҮЙІНШАЛИН

Хромтау ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі

ПІКІР ЖАЗУ