"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

СЕНБІЛІК ЖӘНЕ САЛҒЫРТТЫҚ ТАНЫТҚАНДАР

әкімдік

Аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен екі айлық сенбілікті өткізу және «Таза Қазақстан» республикалық акциясының ауданда ұйымдастыру барысы қаралған жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық бөлім, мекеме басшылары мен қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Аудан әкімінің 2024 жылғы 4 сәуірдегі №13 өкіміне сәйкес аудан бойынша ағымдағы жылдың 13 сәуірі мен 15 маусым аралығында елді мекендерде көктем мезгілінде санитарлық тазарту жөніндегі тазалықтың екі айлығын ұйымдастыру жұмыстары бойынша аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исембайұлы баяндады.

—   Жергілікті атқарушы органдар, аудандық мекеме басшылары, меншік түріне қарамастан кәсіпорындар мен ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары және меншікті иелері корпоративтеріне тротуарларды, үйаралық автокөлік жолдарын, жаяу жүргіншілер өткелдерін қалпына келтіру, талдар мен бұталарды санитарлық кесу, кеуіп қалған ағаштарды жинау, ретсіз төгілген қоқыстарды жою бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және екі айлық сенбілікке шығу шаралары жоспарланып, жүзеге асырылып келеді. Санитарлық тазарту және абаттандыру жөніндегі жұмыстарды жүргізу туралы өкіммен таныстырып, оны негізге ала отырып тұрғындарға насихат жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда екі айлық сенбілікке 2 150 тұрғын, 95 мекеме мен кәсіпорын қатысты. Барлығы 141 аулаға, 98 көппәтерлі тұрғын үйге, 55 жеке тұрғын үйге, 24 саябақ пен гүлзарға санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Акция аясында плиталары бар 1 500 шаршы метр тротуар жөнделіп, ауыстырылды, 2 100 түптен астам әр түрлі тұқымды көшет егілді, өзендер, көлдер, жасанды су қоймалары 10 520 шаршы метр, бес су нысаны, екі субұрқақ және 5 500 метр арық тазартылды. Акция аясында мекеме басшыларына бекітілген аулалар мен көшелер бөлінісінде жалпы саны 32 ауланың 29 ауласында сенбіліктер ұйымдастырылып, 97 мемлекеттік мекеме қызметкері мен 400-ден астам тұрғын атсалысты, —  деді аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исембайұлы.

Тазалық жұмыстары аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың жеке бақылауында. Сондықтан аудан әкімінің орынбасары санитарлық тазалық жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмаған мекемелер мен кәсіпорындар туралы ақпаратпен де бөлісті. Оның айтуынша, екі айлық санитарлық тазалық жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағандар қатарында Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Восход-Оriel» компаниясы, аудандық полиция бөлімі, аудандық мемлекеттік кірістер бөлімі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Энергосистема» серіктестігі, екінші деңгейлі «Халық банкі», «Еуразиялық банк», «Береке банкі», сонымен қатар «Қазпошта» акционерлік қоғамы аудандық филиалы, ДЭУ-9 және аудандық білім бөліміне қарасты №4 Хромтау орта мектебі мен №7 мектеп-гимназиясы, №6, 8, 9 балабақшалар, №20 өрт сөндіру бөлімі бар.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен санитарлық тазалық жұмыстарының маңыздылығы айтылып, салғырттық танытқан мекемелер мен кәсіпорындарға ескерту жасалды.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ