Елімізде маусым айының үшінші жексенбісінде дәстүрлі түрде медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Кәсіби мерекеде аудандық орталық аурухана ұжымын құттықтаған аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов салтанатты марапаттау рәсіміне де қатысты.
— Адам өміріне араша болатын жауапты әрі мәртебелі мамандық иелерінің қай кезде де қоғам алдында абыройы асқақ, беделі биік. Ел басқарған басшыдан бастап, құнтақтағы сәбиге дейін денсаулығын сақтайтын ақ халаттылардың еңбегі ерлікке тең. Ауданымызда да біліктілігімен, кәсіби шеберлігімен абыройлы болған дәрігерлер жетерлік. Дәрігерлердің еш кедергісіз жұмыс істеуіне әрдайым оңтайлы ықпал етіп келеміз. Былтырғы жылы Аққұдық ауылында жаңа амбулаториялық пункт қолданысқа берілді. Біз ауылдық жерлерде де денсаулық сақтау сапасын арттыруға күш салмақпыз. Кәсіби мерекелеріңізде баршаңызға толағай табыс, зор денсаулық, отбасылық бақыт тілеймін, — деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Салтанатты марапаттау рәсімі сала ардагері Болат Базарбаевқа медицина ғылымдарының профессоры атағын растайтын куәлік табыстаумен басталды. Аталмыш салаға ғұмырын арнаған ардагерге аудан басшысы өз атынан жеке алғыс білдіріп, дәстүр жолымен шапан жапты. Ықыласқа бөленген ардагер дәрігер:
— Еселі еңбек етіп жатқан барша әріптесіме және аудан басшылығына рақметімді айтамын. Елдің алғысына бөлене беріңіздер. Сіздерге де менің жолымды берсін. Менің де жастарға артар үмітім зор. Ақ жол тілеймін, — деп ризашылығын білдірді.
Салтанатты іс-шарада бірқатар дәрігерге «Асыл дәрігер», «Денсаулық сақтау ісінің құрметті ардагері» төсбелгілері табысталды. Аудан әкімінің, облыстық Amanat партиясы төрағасының және аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің Алғыс хаттарын иеленгендер де марапатталушылардың қатарын толықтырды.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА