"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ӘКЕЛЕР БАЛАЛАРЫН ЕРКЕЛЕТІП, ЕРТЕГІ ОҚЫДЫ

Хромтау аудандық кітапханасы «Әке — асқар тау, биік шың» тақырыбында оқырмандар арасында әкелер сайысын ұйымдастырды. Іс-шара халықаралық әкелер күніне арналды.

Сайыстың мақсаты — кітапхана мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, отбасында әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі туралы түсінік беру. Байқауға 4 оқырман әке балаларымен қатысты.

«Жақсы әке — балаға өмірлік азық. Жақсы ұл — әулетке өмірлік қазық» деген мағыналы сөз сайыстың негізгі ұстанымы ретінде алынды. Төрт шарттан тұрған байқаудың шартында қатысушылар балаларын еркелетіп, ертегі оқып берді, бесік жырын және мақал-мәтел айту да байқаудың негізгі шарты болды. Қазылар алқасының шешіміне сай Қ.Реймов, Н.Қазбаев және А.Жолдыбаевтар жүлделі орындарға ие болды. Белсене қатысқаны үшін Е.Дүйсенов те марапаттан құр қалмады. «Азамат-Аманат» ерлер киімі салоны тарапынан ақшалай сертификат табысталды.

Сайыс соңында әкелердің құрметіне «Мың алғыс әке» әнін Айару Мырзабай тарту етсе, «Оқуда озат боламын» әнін Жансерік Реймов көрермендерге арнады. Кітапханашы Бейбіткүн Каметия көрермендер алдында әкелер туралы кітаптарға шолу жасады.

Жанар ҚАЗБАЕВА, аудандық кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскері

ПІКІР ЖАЗУ