"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ӨТЕГЕНОВТЕР — ҮЗДІК ОТБАСЫ

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ауыл әкімдері отбасылары арасында «Отбасылық ойындар» эстафетасы өткізілді. Бұл — аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткізілген іс-шара.

Дәстүрге айналған сайыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі аппаратының басшысы Алмас Мұңлықов мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы беделін алға тартып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Мемлекеттік қызметшілердің тиімді жұмыс жасауы — ол мемлекеттілікті нығайтудың және де азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторы», — деп атап өткен еді. Сол себепті эстафеталық сайыстың басты мақсаты — бұқаралық спортты ғана насихаттамай, отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы дәстүр сабақтастығын қалыптастыру, — деді А.Мұңлықов.

Ойынға қатысқан 5 отбасы 7 кезең бойынша өз бақтарын сынап көрді. Тартысқа толы өткен сайыс қорытындысы бойынша Жалмағанбетов пен Қауановтар отбасылары үштікке ілінсе, Жұмабай мен Алдаберген отбасылары өзара ұпай бөлісіп, жүлделі екінші орынға жайғасты. Ал Өтегеновтер отбасы үздік атанып, «Отбасы тірегім» деп аталатын облыстық сайысқа жолдама алды.

Жарыстың жабылу салтанатында аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Нұрлан Шүйіншалин жеңімпаздарды аудан басшысының атынан құттықтап, бағалы сыйлықтар мен медальдар, кубок табыстады. Ол өз сөзінде алдағы уақытта да отбасыларды қолдау және дәріптеу мақсатында жоспардағы іс-шараның дәстүрлі форматқа ауысатынын мәлімдеді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ