"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

ЕСЕНҒАЛИ ЕҢСЕРГЕН БИІКТІК

Елімізде биыл 10 шілдеде алғаш рет ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Мерекенің бұл күнге бекітілуінің де өзіндік маңызы бар. Себебі дәл осы күні Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданған болатын. Кәсіби мереке қарсаңында біз ветеринария саласының ардагері Есенғали Өтеуліні сөзге тартқан едік.

Кезекті кейіпкеріміз Есенғали Жақсығұлұлы әкесінің ізін қуып, ветеринария саласын таңдаған. Білікті маман 20 жылдан астам осы салада еңбек етіп, бүгінде құрметті зейнеттік демалыста.
Кейіпкеріміз 1957 жылы бұрынғы Қызылқайың кеңшарының үшінші фермасы — Көкүй ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Қызылқайыңдағы сегіз жылдық мектепті бітіріп, 1974 жылы Болат орта мектебін тәмамдаған. Сол жылы туған ауылына оралып, шөпшілер бригадасына есепші болып жұмысқа орналасады. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолын осылай бастаған кейіпкеріміз: «Әкем ауылда мал дәрігері болды. Алтыншы сыныптан бастап әкемнің қасында жүрдім. Ауылдағы балалармен қозыларға көк дәрі беріп, қойларды суға шомылдырып, қырықтыққа қатыстым. Мал дәрігері болуды бала күнімнен армандадым, — дейді Есенғали Жақсығұлұлы.
Таңдаған мамандықтың иесі атану үшін тағдыр талайын көру керек еді. Сол жылдарды Есенғали аға үлкен толғаныспен еске алып, баяндап берді.

— 1974 жылы ДОСААФ мектебінде оқып, 1975 жылдың мамыр айында Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскер қатарына алындым. Ресейдің Қиыр Шығыс аймағындағы Владивосток қаласында әскери борышымды өтеп, 1977 жылы елге оралдым. Елге келгеннен соң бар арманым мал дәрігері болу еді. Содан әуелі Орынборға барып оқуға түсе алмай, келесі жылы Челябинск облысының Троицк ветеринария институтына қалаған мамандығыма оқуға түсіп, оны 1983 жылы бітіріп шықтым. Жас маман ретінде Қарасу ауылының мал дәрігері болып, туған жерде еңбек жолымды бастадым. Одан кейін Жангелді ұжымшарында бас мал дәрігері қызметінде жұмыс істедім. 2000 жылы Хромтау аудандық аумақтық басқармасы ашылып, аттестациядан өтіп, ветеринария мамандығы бойынша жұмысқа орналастым. Кейіннен мекемеміз Хромтау аудандық аумақтық ветеринариялық инспекциясы болып бөлініп, сол тұста басшының орынбасары ретінде еңбек еттім. 2020 жылдың 17 наурызында зейнетке шықтым, — деді Есенғали Өтеулі.

Жастық шақтың албырттығы, мақсатқа деген талпыныс, әскердегі күндер мен отбасылық өмірін баяндағанда білікті маман ерекше көңіл-күйде болды.

— Институтта оқып жүргенде Троицк қаласының қызы Зәйтүн Құдайбергеновамен отау құрдым. Бастапқыда жас келінге қиын болды. Қазақша сөйлей алмайды, сиыр көрмеген, қалай сауу керектігін білмейтін. Кейін анамның арқасында бәрін үйренді. Үйдің кенжесі болғандықтан әкем мен анам өмірінің соңына дейін қолымызда болды. Екі ұл, екі қызымыз бар. Бүгінде 7 немере, 5 жиеннің ата-әжесіміз, — дейді ол.

Кейіпкеріміз әңгіме барысында әскери, студенттік кезеңдерге сәл кідіріс жасап, қызықты жайттарды еске түсірді.

— Есте қалған жағдайлар көп. Студент кезімде гитарада ойнап, ән салатыным бар еді. Жолдасыммен отау құруыма бойымдағы осы өнерім себепші болған сияқты. Ол кездер гитарада ойнайтын жігіттерге қыздардың қызыға қарайтын уақыты қой. Жолдасым аздап пионина тартады. Менің оқу бітіру кешімде мен гитарада, ол пионинада қосылып «қоштасу» әнін айтқанда, Қостанайдан келген студент қыз-жігіттер қол шапалақтап, көпке дейін бізді жібермеп еді, — дейді кейіпкеріміз.

Еңбек жолындағы өткелдерімен де бөліскен кейіпкеріміз ол уақыттарды былайша еске алады:

— Мамандығым бойынша 2020 жылға дейін қызмет еттім. 1990 жылдан 2000 жылға дейін өте қиын уақыт болды. Қай бағытпен жүрерімізді білмедік, мал айырбасқа кетіп жатты. 2000 жылы ауданда аудандық аумақтық басқарма ашылып, ауданның барлық ветеринария мамандары сол жерде қызмет атқардық. Бұл кезеңде де қиыншылықтар көп болды, жаңа талаптар көбейді. Ауру малды тапсыратын ет комбинаттары жабылып қалды. Ауданның жаңа бағытта қалыптасуына Хромтау аудандық аумақтық инспекциясының бұрынғы басшысы Несібелі Жұмағалиева көп қызмет атқарды, — дейді ардагер маман.

Биыл атап өтілетін кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріне жүрекжарды лебізін жеткізген кейіпкеріміз:

— Біз қанша уақыт еңбек етсек те кәсіби мерекені тойламадық. Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жылдан бастап 10 шілдені ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі етіп белгілепті. Бұл — сала мамандарын ынталандыру деп білемін. Жастарымыз еліміздің ветеринария саласының өркендеуі жолында талмай, ізденіспен еңбек ете берсін, отбасыларына амандық, дендеріне саулық, жұмыстарына жеміс тілеймін, — дейді ардагер маман Есенғали Жақсығұлұлы.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ