"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамы

КАЛИФОРНИЯ МЕН КЕНДІ ӨЛКЕНІҢ АРАСЫ

Ұшқан құстың қанаты талатын атырапты алып жатқан қазақ даласы әр перзенті үшін аяулы Отаны. «Отан — оттан да ыстық» деген тәмсіл бар. Оның құдретін Отанына, туған жеріне деген сағынышын жұдырықтай жүрегіне сақтап жүрген шалғайдағы жандар жақсы біледі. Кейіпкеріміз Америка Құрама Штаттарында тұратын хромтаулық Гүлбақыт Қожахметова туған жеріне деген ыстық сағынышымен, жастық шағын ерекше көңіл-күймен бөлісіп, әңгімелеп берді.

№5 Хромтау гимназиясында білім алдым. Алғашқы ұстазым— Зәуре Мергенбайқызы. Орта сыныптарда Гаухар Ибрагимқызы болса, соңғы сыныптарда Жанғали Сатов ағай сабақ берді. Мектепте жақсы оқыдым. Белсенді болдым. 1996 жылдардағы тоқырау кезеңінде пісте сатып, отбасыма көмектесіп, сауда жасауды үйрендім. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін қызыға оқыдым. Өлең де жазып жүрдім, шығармаларымды жергілікті «Хромтау» газеті жарыққа шығарған болатын, — дейді Гүлбақыт.

Кішкентай кезінен мәдени-қоғамдық шараларға белсенді атсалысып, көзге түскен Гүлбақыттың үлкен өмірге деген арманы бала кезінен қалыптаса бастаған.

— Сабақпен қатар қоғамдық шараларды қатар алып жүрдім. Аудандық мәдениет үйінде театрда жас әртіс болып, облыстық театрлар фестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясынің жеңімпазы болдым. Сөйтіп мәдени іс-шаралар бағдарламасымен ауданды түгел аралаған кезіміз де болды. Одан бөлек мектеп қабырғасынан бастап аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстым. Оныншы сыныпты аяқтаған уақытта Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу сайысының аудандық, облыстық кезеңдерін жеңіп, республикалық кезеңге алғаш рет Астана қаласына барып, дипломант болып келдім. Сол уақыттан бастап алдыма ел-жерлерді араласам, көрсем деген мақсат қойдым, — дейді кейіпкеріміз.

Гүлбақыт Қожахметова жастық шағында көрген қиындығын айта отырып, бүгінгі жетістігі тынымсыз еңбек пен ізденістің, сабыр мен табандылықтың арқасы екенін жеткізді.

Әкем он жасымда дүниеден өтті. Бала кезімізден анамыз еңбекке баулып өсірді. Қара жұмыстан тартынбай, қарапайым болуды үйретті. Анаммен таңғы бестен бастап көше сыпырып, дүкенде күзетші, зат тасушы болып, адал еңбектің нанын жеп өстім. Мектепті аяқтағаннан кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінде химия пәні мұғалімі мамандығы бойынша президенттік грантпен білім алдым. Студенттік кезеңде де белсенді болдым. «Бұрымды ару» байқауының жеңімпазы атандым. Ақтөбенің сұлулық байқауында бағымды сынап, «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алдым, – дейді ол.

Кейін тұрмысқа шығып, бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған жас ана Гүлбақыт отбасылық өмірін де тілге тиек етті.

Бұрыннан танитын, яғни туған апа-жездемнің досы сөз салып, сонымен отбасылық өмірге қадам бастым. Кейін біз Алматыға қоныс аудардық. Екеуміз бір компанияда жұмыс жасадық. Астана, Алматы қалаларында тұрдық. Түркия, Грузия елдерінде де тұрып көрдік, содан Америка Құрама Штаттарына қоныс аудардық. Бала күтімімен үйде болғанда да бос отыра алмадым, түрлі тәтті тағамдар пісіріп, тігінмен де айналыстым. Ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында көптеген жетістікке жеттім. Отбасындағы түсіністік пен сенімнің, жылулықтың арқасында жолдасым екеуміз бүгінгі күнімізге шүкірлік етеміз, — дейді Гүлбақыт Дүйсенғалиқызы.

Қазір АҚШ-та тұрып жатқан Гүлбақыт отбасымен шетелге қалай қоныс аударғаны жайында да айтып берді. «2018 жылдан бастап шет елдерге шығып жүрдім. 2022 жылы балаларымызға шетелді көрсетеміз деген оймен саяхаттап бастадық. Сол кеткеннен мол кеттік. (күліп — авт.) Мен алға қойған мақсатыма жету жолында бар күш-жігерімді саламын. Қазір біз Калифорнияда тұрамыз. Бұл жақта бірыңғай жаз, сонымен қатар, тау, мұхит, орман бәрі бар. Қазір жолдасым осында кәсіп жасап жатыр, мен онлайн жобалармен айналысып жүрмін. Осы жетістіктің бәрі менің бала кезімде көрген қиындықтарым мен адал еңбектің нәтижесі деп білемін», — дейді кейіпкеріміз.

Ол онлайн жобалары туралы, алдағы жоспарлары жайында былай дейді: «Қазір авторлық әдістемеммен шәкірттер шыға бастады. Инфобизнес саласында әртүрлі эксперттер курс жасауға көмек сұрайды. Жарты жылда 100 шәкірт шығарып, әдістемемді қазақшаға аударып, алғаш шәкіртіме франшиза ретінде оқытуға рұқсат беріп, өзім продюсер болдым. Команда құрдым. Қазір сол әдістемемді әлемдік деңгейге шығару үшін жұмыс жасап жатырмын. Еуропа елдері, Ресей, Түркия, Қытай, Украинада шәкірттерім бар. Менің компанияларым туған елім Қазақстанда тіркелген, Отаныма салық төлеймін. Оның бәрі отбасылық тәрбиеден де пбілемін. Анам: «Ашта жеген құйқаңды, тоқта ұмытпа», — десе, әжем: «Құдайым-ау, бала берсең — сана бер, сана бермесең ала бер» дегенді құлағымызға құйып өсірді. Менің ұстанымым— адамзатқа пайдалы болу, яғни әлемдік аренада қазақтың қарапайым қызы болсам да «сен де бір кірпіш дүниеге,тетігін тап та, бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, өз орнымды тауып, өзімнен кейінгі ұрпаққа мирас болып қалатын пайдалы дүние қалдыру. Мақсатым — адамдарды жамандықтан тыю, жақсылыққа шақыру», — дейді Гүлбақыт Дүйсенғалиқызы.

Редакциямыз арқылы туған елге сәлем жолдаған Гүлбақыт: «Туған жерді сағындым… Жерлестеріме тек жақсылық тілеймін. Жастарға өз тілін құрметтеп, өзге тілді меңгеріп, алдына нақты мақсат қойып, соған жету үшін барын салуды сұраймын. Ең бастысы — қандай асуды алса да, қандай үлкен шыңды бағындырса да адам болып қалу, туған жерін сүю, Отанына опаздық жасамау — кім-кімнің де басты ұстанымы болуға тиіс», — деді кейіпкеріміз.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

1 пікір

Райля 25.07.2024 at 13:57

Нағыз үлгі боларлық адам! Қанаттарың талмасын! Екі ортада сенімбі берекелі көпір бола біліңдер! Сәттілік!

Reply

ПІКІР ЖАЗУ