"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылДенсаулық

ТАСӨТКЕЛДЕ МЕДПУНКТ АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдегі денсаулық сақтау саласын назардан тыс қалдырған емес. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тасөткел ауылында 30 жылға жуық уақыт күткен жаңа медициналық пункт ашылды.

Медициналық пункттің ашылу салтанатына қатысқан Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Сәндібек Жаконов тасөткелдіктерді құттықтап, алдағы уақытта ауыл игілігі үшін атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті. Сонымен қатар Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев тасөткелдіктердің қуанышын бөлісіп, бұдан бөлек 2024 жылы Ақтөбе облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 21 медициналық нысан пайдалануға берілетінін атап өтті.

Тасөткелдегі жаңа нысан тәулігіне 30 келушіні қабылдай алады. Мұнда ауыл тұрғындары профилактикалық скрининг пен иммундаудан өтіп, анализдер тапсыруға, сондай-ақ күндізгі стационарда дәрігерге қаралуға болады. Созылмалы аурулары бар науқастарға тегін дәрі-дәрмек беру пункті бар. Қазіргі заманғы медициналық пункт препараттарды сақтауға арналған тоңазытқыштармен жабдықталған, анализ түтікшелерін тасымалдауға, жедел жәрдем көрсетуге арналған арнайы бокстармен толық қамтылған.

 

– Бүгін тасөткелдіктер үшін қуанышты күн. Себебі көптен күткен медициналық пункт ашылып жатыр. Бұрын ауыл әкімдігі ғимаратында ем-дом жасауға мәжбүр болған ауыл мейірбикелері жаңа ғимаратта халыққа бұрынғыдан да жақсы қызмет көрсететін болады. Себебі заман талабына сай салынған медициналық пункт барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, – дейді денсаулық сақтау саласының ардагері Қуанышгүл Дүйсенбекова.

Айта кетейік, жобаның жалпы құны 80 млн теңге. Медициналық пункттің құрылысынан басқа, мердігер ғимараттың аумағын абаттандырып, қоршаулар орнатқан.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ