"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

«Таза Қазақстан» экоакциясы: БЕЛСЕНДІЛЕР АКЦИЯҒА АТСАЛЫСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясына хромтаулықтар да белсенді үлес қосуда.

Өткен сенбіде Хромтау қаласы аумағында орналасқан Жарлыбұлақ өзенінің (№1 көпір) жағажайы «Таза жағалау» акциясының аясында қоқыстан тазартылды.

«Таза Қазақстан» экоакциясы аясында ұйымдастырылған «Таза жағалау» акциясына аудан әкімінің орынбасары Сәндібек Жаконов, аудандық экономика және қаржы бөлімі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық жастар ресурстық орталығы, «Жасыл ел — жастар жасағы» ұйымы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қатысып, жағалауды тазалауға атсалысты.

– Бүгін белсенді жастармен бірге «Таза жағалау» акциясына қатысып, жағалауды тазалауға атсалыстық. Бұл игі бастамаға аудан әкімдігі де жастармен бірге шығып, тазалық жұмыстарын жасап жатыр. Аудан тұрғындары мен жастарынан табиғатты күтіп ұстауды, өздерінің қоқыстарын жинап, жасалған еңбекті бағалауды сұраймын. Мұндай игі істерден жастар қалыс қалмайды. Бізде де «Экологиялық» апталық ұйымдастырылды. Онда қала жастары орталық саябақта сенбілік жұмыстарын өткізді. Туған қаламыздың тазалығын бірге сақтайық! – дейді Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Алина Жарқымбаева.

«Таза жағалау» акциясының мақсаты – аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту, қоршаған ортаның тазалығын бірге сақтау.

Аталған акция халықтың табиғатқа деген жанашырлығын, демалушылардың назарын жағажайдағы тазалықты сақтауға аударуға бағытталды.

Сонымен қатар «Таза жағалау» акциясы тек аудан орталығында ғана емес, барлық ауылдық округтерде де ұйымдастырылды.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ