Көкпардан Қазақстан Ұлттық құрама командасы Алматы облысы, Жанашар ауылында орналасқан Олимпиадалық дайындық орталығында 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтарын пысықтап жатыр.
22 шілде басталған оқу-жаттығу жиыны 6 тамызға дейін созылады. Еліміздің түкпір-түкіпірінен келген 29 көкпаршының арасынан ең үздік 12 спортшы көкпар ойынына, 12-сі көкбөрү спортына іріктеліп алынады.
«Бұл оқу-жаттығу жиыны жігіттерге оңай болып жатқан жоқ. Себебі бұл жай ғана жаттығу емес, іріктеу де болып есептеледі. Еліміздің әр аймағынан келген спортшылардың арасынан 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын сәтті қорғау үшін ең үздіктерін таңдауға бар күшімізді саламыз», — дейді көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев.
Ұлттық құрама 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынын Астана қаласында өткізеді.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі — ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі — Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу Дирекциясының баспасөз қызметі