"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Саясат

ТАЗАЛЫҚҚА ТЫҢ КҮШ ЖӘНЕ БЕРЕКЕЛІ БАСТАМА

Талма ТАСБОЛАТОВА, «Нұр Сапар» ЖШС директоры:
— Президенттің Жолдауын жыл сайын тыңдаймын. Биыл да Жолдаудың негізгі мазмұнымен, әсіресе кәсіпкерлік саласына қатысты айтылған тұстарына ерекше мән беріп, толық таныстым. Бұл құжатта кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес саласы назардан тыс қалмайды.
Бүгінде өзім басшылық ететін Хромтау қаласындағы «Нұр Сапар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтың тазалағына жауап береді. Бұл салада жемісті еңбек етіп жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Бірнеше мәрте мемлекеттің қолдауына ие болдық, шарапатын сезіндік. Соның арқасында кәсібімізді кеңейтіп, табыс көлемінің де ұлғаюына мүмкіндік туды.
Президентіміз Жолдауда биыл көктемнен бері елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының жүріп жатқанын, бұл тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама екенін атап өтіп: «Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл — уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», — деді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының экологиялық акция, қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәселесіне қатысты айтқан сөздері бұл салада еңбек етіп жатқан біз сияқты кәсіпорындардың жұмысына тың күш пен ерекше серпіліс береді.

ПІКІР ЖАЗУ