Көктем-күз мезгілдері кезінде елді мекендер аумағында құрғақ шөп пен қоқыстың тұтану жағдайлары көп кездеседі. Осындай жағдайлар әдетте қоқысты үйіндеу және жағу кезіндегі талаптарды бұзу салдарынан туындайды. Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі Ережелерінің талаптарына сәйкес қоқысты жағу, тек ашық аумақтарда, желсіз күндерде әртүрлі ғимараттар, құрылымдар және сақталған материалдардан 50 метр қашықтығында және алғашқы өрт сөндіру құралдары (өрт сөндіргіш, су) бар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Қоқыс жағылатын алаң құрғақ шөп пен жапырақтардан тазалануы керек. Қоқыс тек күндізгі уақытта тұрақты бақылау болған жағдайда ғана жағылуы қажет. Қоқыс жағылғаннан кейін отқа су құйылып, мұқият өшірілуі тиіс. Өшірілмеген отты қараусыз қалдыруға тыйым салынады.
Хромтау ауданының ТЖБ ескертеді:
Ашық алаңдардағы қоқысты бақылаусыз жағу үлкен апатқа әкеп соғады. Ауланы тазарту үшін ауладағы қоқысты өртеп, оны бақылаусыз қалдыру салдарынан сіз айналаңыздағы қаншама затқа орасан зиян әкелетініңізді түсінгеніңіз абзал. Өрт салдарынан адам өміріне де қауіп әкелетініңізді ескеріңіз. Ауладағы күзгі жұмыстарды атқарғанда және табиғат аясында демалғанда ашық отты пайдалану кезінде аса сақ болыңыздар.
Егер жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 336-бабына сәйкес жеке тұлғалар мен лауазымды тұлғаларға орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерне қатысты айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Хромтау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі