Аудандық ауруханада М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті медицина орталығының онкомаммолог-дәрігері, облыстың штаттан тыс онкомаммологы Нұргүл Керееваның қатысуымен Ашық есік күні өтті.
Тәжірибелі дәрігер сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу туралы аудан тұрғындарын қабылдап, кеңес берді. Қабылдауға келген нәзік жандылар маманның біліктілігін, ақпаратты түсінікті жеткізетіндігін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Өз кезегінде Нұргүл Кереева сүт безі обырының жыл санап жасарып келе жатқанын тілге тиек етіп, қыз-келіншектерге денсаулықтарына мұқият қарап, уақтылы дәрігерге қаралуға кеңес берді.
– Сүт безінің қатерлі ісігі – бұл сүт безінің қатерлі және көп факторлы ауруы. Оның дамуы сыртқы себептер мен гормондардың әсерінен жасуша геномының өзгеруімен байланысты. Оның пайда болу себептері туралы көптеген факторлар бар, бірақ олардың ешқайсысы сүт безі ісігінің мұндай таралуына негізделген нақты жауап бермейді. Аурудың негізгі себептеріне тұқым қуалаушылық, ұрпақты болу жүйесінің ерекшеліктері, денсаулықтың қатар жүретін бұзылыстары жатады. Айтпақшы, сүт бездерінің жағдайы әйелдің гормоналды фонымен тікелей байланысты. Өз кезегінде дененің гормоналды тепе-теңдігі өмір салтына, жаман әдеттерге, стреске, экологияға және т.б. байланысты болады. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ген болған кезде тұқым қуалайтын фактор маңызды рөл атқарады. Біз бір отбасында, мысалы, әжесінің, анасының немесе әпкесінің сүт безі қатерлі ісігін көргенде қызына да қауіпті болатынын ескертеміз. Зертханаларда BRCA1 және BRCA2 гендеріне талдау жасауға болады, бұл сүт безі қатерлі ісігіне бейімділіктің генетикалық талдауы. Яғни әйел осы генді мұра еткенін біле алады, осыған байланысты сүт безі обырының даму ықтималдығы артады. Сонымен қатар гормоналды контрацептивтерді ұзақ уақыт қолдану әйел кеудесінің денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан қолданылатын гормоналды препараттардың мөлшерін түзету маңызды, – дейді онкомаммолог-дәрігер.
Жалпы, маммолог маманнан кеңес алуға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Өз кезегінде дәрігер 27 тұрғынды қабылдап, кеңес берді.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА