"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ДенсаулықЖаңалықтарҚоғам

«АСЫЛ ҮМІТ» — ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Хромтауда оңалту орталығы ашылды. Бұл — осыған дейін өзге аймақтарға ем алу үшін қатынап жүрген ата-аналар мен балаларға қуанышты жаңалық.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен «Контакт» зерттеулер мен жобалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің бірлесуімен ашылған «Асыл үміт» оңалту орталығы 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетеді. Аталмыш орталықта психолог, логопед, дефектолог мамандар жұмыс жасайды. Одан бөлек медбикелер дәрігерлердің нұсқамасы бойынша физиотерапия мен массаж арқылы емдік шараларының уақытылы орындалуына көмек береді. Аудан көлемінде 50-ден астам баланың сауығуы үшін қызмет ететін орталық түрлі спорттық жабдықтар, жерге төселетін массаж-кілемшер мен балалардың денсаулығын оңалтуда оң әсерін беретін ойыншықтармен жабдықталған.

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов игі бастаманы қолға алған Гүлдана Мырзагерей мен орталықта ем алатын балалардың ата-аналарымен «Асыл үміттің» ашылу салтанатында кездесті. Аудан басшысы орталықтың қызметкерлерінен балалардың ем алуында ешқандай кемшілік болмауына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

— Бұрын Хромтауда бұндай орталық болмады, ем-дом қабылдау үшін облыс орталығына қатынау үлкен қиындық тудырып жүрді. Біз үшін ең маңызды мәселе — балалардың денсаулығының жақсаруы. Алдағы уақытта емделу үрдісінде қиындықтар туындаған жағдайда сіздердің талап-тілектеріңізді тыңдауға әрдайым дайынбыз, — деді аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов ата-аналарға.

Дөң, Көктау, Ақжар сынды ауылдық округтерден қатынап, ем алу жағын да орталық басшылығы елеусіз қалдырмаған. Аталған елді мекендерге инва-такси қызметі көрсетіледі, сондай-ақ оқушылардың оқу уақытына ыңғайлы етіп емдеу шаралары жүргізілетінін де айта кеткен жөн.

Орталықтың ашылу салтанатында балаларға тәттілер мен ойыншықтар үлестірілді.

Толғанай ЕСБОЛСЫН

ПІКІР ЖАЗУ