Ауданда Ақтөбе облысы әкімі аппаратының бастамасымен «Жергілікті бюджетті қалыптастыру, бухгалтерлік есеп пен есептілікті жүргізу, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу тәртібі» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.
Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би және Хромтау аудандарындағы жергілікті атқарушы органдардың есепшілері мен мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс істейтін мамандарына кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында арнайы тренинг ұйымдастырылып, сұрақтарға жауап берілді.
Облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасы жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы Біржан Молдашевтың айтуынша, осы уақытқа дейін мемлекеттік сатып алуда ең көп қолданылған тәсілдердің бірі – ашық конкурс. Бұл ең ұзақ өтетін процесс. Шамамен өткізуге 45 күн кетеді. Шешімді арнайы құрылған комиссия шығарады.
– Бұл тәсіл аталмыш салада ең көп танылған тәсіл екені белгілі. Ашық конкурс құжаттарды талқылау, алдын ала құжаттарды қабылдау, өтініштер қабылдау, баға ұсыныстарын сұрату секілді бірнеше кезеңдер арқылы жүзеге асатынын да білеміз. Заман талабына сай сатып алу порталы құрылғалы бұл процестер жеңілдетілгені сөзсіз. Артықшылығы да жоқ емес. Бұл сатып алу порталы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда ашық, ыңғайлы жасалған. Порталда ақпарат іздеу және табу оларға қарағанда оңай әрі түсінікті, – деді Б.Молдашев.
Кездесу барысында есепшілер тарапынан қойылған сұрақтар қатары көп болды. Әр сатып алынатын тауардың бағасынан бастап қадағалайтын есепшілер өздеріне жүктелетін міндеттерден бастап егжей-тегжейлі сұрап алғанды жөн көрді. Одан бөлек мемлекеттік сатып алу кезінде тікелей келісім шартын жасау арқылы бір көзден сатып алу тәсілінің де оңтайлы тұстары талқыланды.
– Тапсырыс беруші конкурс өткізбей, сатушыны өзі таңдап, не керек екенін жазып, ұсыныс жасайды, яғни тендер өткізбейді. Оған елуден астам негіз бар. Мысалы, кез келген тауарлар, қызмет алу, жұмыс алу секілді негіздер қатары кіреді, – деді Қайрат Ахатай.
Ал аудан әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Нұрлан Шүйіншалин сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларында көшпелі жиындардың маңызды екенін ерекше атап өтіп, осы сынды семинарлар жиі ұйымдастырылу керек екенін алға тартты.
Жалпы мемлекеттік сатып алудағы конкурстардың шарттары, құны мен шығарылатын шешімдер жайлы толық ақпараттандырған делегация жиын біткен соң аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовпен кездесіп, аталмыш шараға мұрындық болғаны үшін алғыстарын айтты.
Айта кету керек, аталмыш семинарға облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ризагүл Омарова, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы және бас есепшісі Әмина Жұмабаева, облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасы жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы Біржан Молдашев, облыстық қаржы басқармасы жергілікті бюджеттің қаржылық және бюджеттік есептілігін жасау бөлімінің бас маманы Венера Ораз және экономика басқармасы бюджеттік жоспарлау және бюджетаралық қатынастар бөлімінің басшысы Қайрат Ахатай қатысқан болатын.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА