"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

«Еңбегі жанған арулар» форумы өтті

Хромтау ауданында әйел кәсіпкерлердің қатысуымен «Еңбегі жанған арулар» атты іскер әйелдер форумы ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға облысымыздың түрлі өңірінен келген кәсіпкер әйелдер бас қосып, тәжірибе алмасып, бизнестегі жетістіктерімен бөлісті.

Форумға қатысушы кәсіпкерлер делегациясын Ақтөбе облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Молдагереева Бахыт Молдабайқызы бастап келді. Форумның ұйымдастырушысы – Хромтау аудандық кәсіпкерлік бөлімі.

 

Іс-шара аясында форум басталмас бұрын жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері мен қызметтері ұсынылған көрме өтті. Қатысушылар түрлі салада еңбек етіп жүрген іскер жандардың өнімдерімен танысып, қолдау білдірді. Көрме барысында ұлттық қолөнер бұйымдары, тағам өнімдері, сәндік аксессуарлар және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған тауарлар қойылды.

 

Ресми бөлімде аудан әкімі форум қонақтарын құттықтап, өңіріміздің дамуына үлес қосып жүрген жергілікті кәсіпкерлерге алғыс білдіріп, арнайы сертификаттармен марапаттады.

 

Форум шеңберінде бірнеше шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ұлттық дәстүріміздің бір парасы – «киіз басу» өнері көрсетіліп, нан-тоқаш өнімдерін пісіру бойынша мастер-класс өткізілді. Сонымен қатар, қаржылық сауаттылық пен бала тәрбиесі тақырыптарында да пайдалы кеңестер берілді.

 

Форум қатысушылары мұндай іс-шаралар әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, өзара ынтымақтастықты нығайтуға және қоғамдағы рөлін күшейтуге зор мүмкіндік екенін атап өтті.

 

ЕЛАМАН Жакашев

ПІКІР ЖАЗУ