Ауданымызда АMANAT партиясының бастамасымен ұйымдастырылған «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тегін оқыту курстары оқытылып жатыр.
Биыл аудан бойынша 1100 тұрғын қаржылық сауатын арттырады деп күтілуде. Тегін оқыту курстарына қатысушылар қаржылық біліктілігін арттырумен қатар, қарызын заң аясында реттеу, яғни қарызын қайта құрылымдау, аресттен шешу, банкроттыққа тапсыру және басқа да құқықтық көмек алады. Партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаеваның айтуынша, алғашқы күннен-ақ хромтаулықтар курсқа қызығушылық танытып отыр.
— Оқыту курстарының алғашқы дәрісіне 20 адам қатысты. Биыл қарызын 90 күннен ары төлей алмай жүрген азаматтарды оқытуға басымдық беріледі. Оқудың алғашқы күнінен-ақ қаржы сарапшысы әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес берді. Алдағы уақытта 330 адамды оффлайн, 770 адамды онлайн оқытуды жоспарлап отырмыз, — деді ол.
«Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты — азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсету, халықтың қаржылық сауатын арттыру, олардың банктік және шағын несиелері бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу. Бұл жобаға жасы 18-ден асқан, несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған тұрғындар қатыса алады.
Жобаға қатысуға ниетті азаматтар АMANAT партиясының қалалық және аудандық филиалының +7 702 540 61 91 телефон нөміріне немесе қала және аудан әкімдіктеріне хабарласып, тіркеле алады. Сондай-ақ qogamfin.kz сайты арқылы онлайн тіркелуге де болады.