"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамМәдениет

Елеусізовтер – отбасылық байқаудың жүлдегерлері

Кеншілер мәдениет үйі ұйымдастырған «Мерейлі отбасы» байқауы – ағымдағы жылы ауданымызда отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткен шаралардың бірі. Аталмыш сайыста өңірдің өнегелі, көпбалалы жанұялары сынға түсіп, үздік үштікті Елеусізовтер отбасы түйіндеді.

Үш кезеңге жалғасқан байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар шыққан тегі, отбасылық құндылықтары жайында айтты. Елеусізовтер өздерін өлең шумақтарын нақышына келтіре оқу арқылы таныстырып, байқауды тамашалауға жиналған көпшіліктің назарын «Сәлемдесу» кезеңінде-ақ баурап алды.

Байқаудың келесі шарты – дәстүрге, тәлім-тәрбиеге байланысты сұрақтарға жауап беру болды. Бұл кезеңнен де мүдірмей өткен кейіпкерлеріміз үшінші кезеңде әсем әннен шашу шашты.

Көпбалалы отбасы

          Көптеген сайыста топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген Елеусізовтер – ауданымыздың өнегелі отбасыларының бірі. Үлгілі жанұяның отағасы Асқар Елеусізов 1992 жылдан бері Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс жасайды. Ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен ол ұжым арасында сыйлы. Ал отанасы Әлия Елеусізова – жеке кәсіпкер. Ол сауда-саттықтың қыр-сырын меңгеріп, берекелі кәсіп жүргізуде. Осыдан жиырма жыл бұрын отау құрған жұп бүгінде 6 бала тәрбиелеп отыр.

– Біз 2000 жылы Хромтау қаласында Жастар күніне орай ұйымдастырылған концертте кездестік. Он алты күн бойы сөйлесіп, үйленуге шешім қабылдадық. Тойымызға жүзден астам адам жиналып, көңілді өтті. Алғашқы жылдары бір бөлмелі пәтерде тұрдық.  Кейін үлкендеу үйге көштік, – дейді ерлі-зайыпты.

Бірлігі жарасқан отбасының басты қағидасы – балаларын еңбекке баулу.  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, еңбекқор ата-ана өнегесін көріп өскен балалар да елгезек, оқуда озат, шеттерінен өнерлі.

– Балаларымызды қатарларынан қалдырмау үшін жолдасым екеуміз тынымсыз еңбек еттік. Ол – комбинатта, мен – сауда жолында. Сауданы қарапайым шекілдеуік сатудан бастадым. Отбасымызға жолдасымның еңбек ақысын жұмсап, өзімнің тапқанымды жинай бердім. Араға бірнеше жыл салып, жаңа пәтер алдық. Одан кейін азық-түлік дүкенін аштық. Сонымен бірге шаштаразшы болып та жұмыс жасап жүрдім. Қазіргі таңда үлкен қызым жоғары оқу орнын аяқтады. Екінші қызым тұрмыс құрып, отбасылық тірлігімен қатар жоғары оқу орнында білім алуын жалғастыруда. Үшінші қызым колледже оқып жатыр. Олар отбасылық кәсіпке қолғабыс етеді. Жақында аудан әкімшілігі кәсіпкерлерді қолдау мақсатында орталық саябақтағы жерлерге байқау ұйымдастырды. Оған біз де қатысып, бүгінде саябақта балмұздақ сату ісін қолға алдық.  Кәсіп жүргізу барысында үлкен балаларымды еңбекке баулу үшін жаныма ертіп жүремін. Қалған үш балам мектеп оқушылары, – дейді Әлия Елеусізова.

Бала жетістігі – ата-ана қуанышы

          Шаңырақтың үлкен қызы Нұргүл мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Биыл жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.

–  Оқушы кезімде бес жыл бойы би үйірмесіне қатыстым. Сондай-ақ ән айтуды да ұнататынмын. Мектептен кейін «Жерге орналастыру» мамандығына грантқа оқуға түстім.  Жоғары оқу орнында сапалы білім алу ғана емес, қызығушылығым бойынша шыңдалу мүмкіндігіне де ие болдым. Өйткені студенттік шағымның алғашқы жылы университеттегі талантты студенттердің ұйымы – сенатқа мүше болып кірдім. Ұйыммен көптеген ән байқауларына қатысып, жеңіске жетіп жүрдік. Университет тіршілігін қызықты әрі көңілді етуге ат салыстық. Іс-шараларға үлесімді қосып, оқу үлгерімім жақсы болғандықтан, ата-анама университет атынан Алғыс хат жолданды. Алдағы уақытта мамандығым бойынша жұмыс жасап, білікті маман ретінде елге өз үлесімді қосқым келеді, – дейді ол.

Сірә, ата-ана үшін баласының жетістігіне куә болудан асқан ғанибет жоқ шығар. Еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнында үздіктердің қатарынан көрінген  Нұргүл ата-анасын ерекше қуанышқа бөлей білді.

Айта кетерлігі, тұңғыштарының бағындырған белесі Асқар мен Әлия үшін жақсы жаңалықтардың бастамасы ғана болатын. Өйткені екінші қыздары Карина да он бірінші сыныпты «Алтын белгі» иегері ретінде аяқтап, Мәскеу қаласындағы жоғары оқу орнына түсті. Ал үшінші қыздары Дәмелі волейболдан үш жыл қатарынан облыс чемпионы атанып, республикалық жарыстарда жүлделі орын иегері атанған команда сапында жарқын ойын үлгісін көрсетіп, аудан намысын қорғады.

– Волейболмен кішкентай кезімнен бастап шұғылданамын.  Тоғызыншы сыныптан кейін Ақтөбе қаласына дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, қазіргі таңда білім алуымды жалғастырып жатырмын, – дейді Дәмелі.

Армандарына жетуді дәстүрге айналдырған Елеусізовтердің көздеген шыңдары биік. Сөз арасында олар жоспарларының бірімен бөлісті: «Кәсіп түбі – береке. Сондықтан келешекте отбасылық іс бастауды қолға алғымыз келеді. Нақтырақ айтқанда, мейрамхана ашуды мақсат етіп отырмыз», — дейді Әлия Елеусізова.

Жанел Нұрболатқызы

 

ПІКІР ЖАЗУ