"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Экономика

ДСҰ-ға қосылу бойынша Қытай мен Өзбекстан арасындағы келіссөзге Астанада нүкте қойылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бірер сағат бұрын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Астанада келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кездесуде тараптар кейінгі жылдары өзбек-қытай қарым-қатынасының нығайып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, былтыр Шавкат Мирзиёевтің Бейжіңге жасаған мемлекеттік сапары барысында келісілген жобалар уақылы іске асып жатыр.

Сонымен қатар сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық жүйелі жолға қойылды. 2024 жылы ресми Ташкент пен Бейжің арасындағы тауар айналымы 14 млрд долларға жетіп, инвестициялық жобалар портфелі 60 млрд долларға теңелді.

Келіссөз барысында Шавкат Мирзиёев пен Си Цзиньпин «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол желісінің құрылысын жеделдетуге уағдаласты. Аталған жоба тараптар үшін стратегиялық маңызға ие.

Кездесу соңында Өзбекстан мен Қытай басшыларының қатысуымен ресми Ташкенттің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы бойынша жүргізілген екіжақты келіссөзді аяқтау хаттамасына қол қойылды.

Еске салайық, бүгін елордада «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді. Ауқымды іс-шараға өңір мемлекеттерінің басшылары мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қатысады. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндігін талқылайды. Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан ДСҰ-ға қосылу келіссөздерін биыл аяқтауға ниетті.

https://kaz.inform.kz/news/dsu-ga-kosilu-boyinsha-kitay-men-ozbekstan-arasindagi-kelssozge-astanada-nukte-koyildi-c07d1b/

ПІКІР ЖАЗУ