"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамСпорт

АЛА ДОППЕН АЛАҢДА

Мемлекеттік қызметшілер күні аясында аудандық әкімшілік ұжымы мен ауылдық әкімдер құрамасы арасында жолдастық кездесу ұйымдастырылды.

Орталық стадионның үлкен алаңында өткен жолдастық матч үлкен қызығушылыққа ие бола білді. Аудан әкімдігінде спорт пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрген қызметкерлер жетерлік. Мәселен, биыл мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен республикалық спартакиада ойындарына облыс құрамасы атынан Асылжан Райысұлы бастаған бірнеше білікті кадр аттанған болатын.

Әр құрамада 11 ойыншыдан шыққан тартысты ойында, ең бастысы — жарақат алған ойыншылар болмады. Ақ көйлек пен галстукты тоқсан минутқа спорттық формаға ауыстырған әкімдер құрамасында жоғары прессингке бейімделу сәл қиынға түскені ойын бойы көрініп-ақ тұрды. Десе де, қапталдан жасаған бірнеше шабуылдары арқылы қарсыластарына тіс батыра білді. Матчты ұйымдастырушылардың бірі — аудандық әкімдіктің әдеп жөніндегі уәкілі Нұрлан Шүйіншалиннің айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің бос уақытын тиімді пайдалану арқылы салауатты өмір салтын да насихаттау — басты мақсат.

— Спорт тек мықтыны анықтау емес, татулықты, достықты көрсете білетін нағыз мықтылар бас қосатын үлкен орта. Біздің де мемлекеттік қызметте жүрген әріптестеріміз спортпен шұғылданса, қоғамға үлгі болары сөзсіз. Оның үстіне, жұмыстан кейін спортпен шұғылдануы үшін спорт кешенінде 50 пайыз жеңілдік қарастырылғанын да жеткізгім келеді, —  деді ол.

Ойын барысында қос құрама қатарында жасыл алаңға көпжылдық үзілістен кейін шыққан ойыншылар көп болды. Солардың бірі — аудандық ауыл шаруашылығы және жер ресурстары бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалин. Ол ерік-жігерінің арқасында алаңда ойынның соңғы ысқырығы шалынғанға дейін болып, өз шеберлігін таныта білді.

Ойын қорытындысына келсек, расымен, достық жеңді. Тек футболда ғана емес, спорттың басқа да түрлері бойынша бақ сынасуға келіскен мемлекеттік қызметкерлер жаттығу жұмыстарын да бірге жасап тұру керектігін алға тартып, тарқасты.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА.

ПІКІР ЖАЗУ