"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамСпорт

КЕНШІ РУХЫ — КОМАНДА ҚУАТЫ

Ақтөбе мыс компаниясының жұмысшылары жұмыстан тыс уақытта белсенді түрде спортпен айналысып, корпоративтік жарыстарға қатысып, салауатты өмір салтын насихаттайды.

Қазіраталған компанияда спорт маусымының нағыз қызған шағы. Компания командалары жыл сайынволейбол, футбол, отбасылық және өндірістік командалардың  қызықты эстафеталары,корпоративтік турнирлерде бақ сынайды. Командалар әртүрлі цех өкілдерінен жасақталады.

— Жарыс алдында үнемі жаттығулар өткізіледі. Ауа райына қарай, кейде залда, кейде көгалда жаттығамыз. Жақсы дайындық пен ұйымшылдықтың арқасында жүлделі орындарға ие болып жүрміз, — дейді маркшейдерлік жұмыстардағы тау- кен жұмысшысы, кәсіпорынның «Көктау» футбол командасының капитаны Ержігіт Санаев.

Жас маманның айтуынша, бастысы жеңіс емес, командалық рух. «Біз жақсы ұжымбыз, ойындардың арқасында жиі араласамыз, бос уақытымызды бірге өткіземіз. Ойыннан кейін табиғатқа шығып демаламыз», — дейді Ержігіт.

Бірлескен жаттығулар мен жарыстар денені шынықтырып, әріптестермен қарым-қатынасты бекемдеп қана қоймай, жүректерді де табыстырып жатады. Айнұр Беркімбаева мен Ринат Садықов волейбол алаңында танысқан. Ол кезде Ринат Ақтөбе мыс компаниясында еңбек қауіпсіздігі инженері, ал Айнұр хатшы болған. Жастар үш жыл бір мекемеде қызмет етіп жүріп, бір-бірін байқамаған, тек бірге жаттыға бастағанда ғана жақынырақ танысқан. «2021 жылы корпоративтік турнирге дайындықты бастадық. Күн сайын жұмыстан кейін Көктаудағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде  жаттығатынбыз.Ринат екеуіміз сол жерде бір-бірімізбен жақын танысып кеттік. Содан бері біргеміз», — деп еске алады Айнұр. Қазір ерлі-зайыптылар сәби күтіп жүр.

Спортты өмірлеріне серік еткен кеншілер мұнысымен жақын маңдағы ауыл тұрғындарына үлгі көрсетуде. Көктаудағы  дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Хромтау ауданы жастары арасында турнирлер жиі өткізіліп тұрады, бұл шараларда кәсіпорын қызметкерлері белсенділік танытады.

— Біз ауыл округтерінің тұрғындарын спортқа тарту үшін үнемі балалар мен жастар арасында жарыстар ұйымдастырып тұрамыз. Компанияның қолдауымен кешеніміз толық жабдықталды. Волейбол, теннис, күреспен айналысуға барлық жағдай жасалған, тіпті  жаттығу  залы мен воркаут алаңдар да бар. Мұнда балалар секцияларда жаттығып, самбо мен қазақ күресінен жақсы нәтижелер көрсетіп жүр, ал жастар кешкісін келіп спортпен айналысады, — дейді жаттықтырушы Нұрберген Орынбасаров.

Ақтөбе мыс компаниясы әрқашан спорттық бастамаларды қолдайды. Хромтау және Мұғалжар аудандарының мектептерін спорт жабдықтарымен қамтамасыз етеді, облыстық және республикалық жарыстарға демеушілік көрсетеді, вахталық ауылдарда футбол және волейбол алаңдары жабдықталған, жатақханаларда тренажёрлар мен үстел теннисі орнатылған, ал компания ішінде футбол, волейбол, отбасылық эстафеталар сияқты корпоративтік турнирлер тұрақты өткізіліп тұрады.

Бұл компания ұжымға қол жетімді спорт түрлерін жыл сайын әртараптандыруға тырысады. Қызметкерлердің айтуынша, демалыс күндері олар Ақтөбеде бассейнге барады, ал жақында үлкен теннис те қосылды. Компания облыстық теннис федерациясының серіктесі ретінде тек чемпиондарды емес, дені сау әрі мықты қызметкерлерді тәрбиелеуге атсалысып келеді.

ПІКІР ЖАЗУ