"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Президент

Мемлекет басшысы БҰҰ мінберінде Украина айналасындағы дағдарысты шешудің басты қағидатын атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлеп, Украина айналасындағы дағдарысқа тоқталды.

— Қазақстан бейбіт тұрғындарға орасан зор залал келтіріп, жаһандық сенімге селкеу түсірген және халықаралық қауіпсіздікті әлсіреткен Украина айналасындағы дағдарысқа алаңдаулы. Дегенмен аталған қақтығысты тоқтату үшін екіжақты және халықаралық деңгейдегі дипломатиялық күш-жігерді жалғастырып, қос мемлекет ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін саяси икемділік көрсетуі керек, — деді Президент.

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев аумақтық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болмағанын еске салды.

— Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді. Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді, — деді Мемлекет басшысы.

Фото: Ақорда
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясының Жалпы дебаттың ашылуына қатысып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк төрінде БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзін Jibek Joly арнасы тікелей эфирде көрсетті.

Бұдан бұрын Президент әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру ең басты басымдық болуы тиіс екенін алға тартты.

 

ПІКІР ЖАЗУ