"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Денсаулық

МӘМС: САҚТАНДЫРУ — СЕНІМДІ КӨМЕК КЕПІЛІ

Денсаулық — басты байлық. Ал оны қорғаудың сенімді жолы — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қосылу. «Жарнаны қалай төлеу керек? Егер жұмыс істемесем, медициналық көмек ала аламын ба? Жүкті әйелдер мен жеке кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер бар?», — деген сияқты бұл жүйеге қатысты сұрақтар да аз емес. Осы және басқа да маңызды сауалдарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының орынбасарыРузия Айдашева жауап берді.

 

— Қазір дәрігерлердің жүктемесі өте жоғары. Егер науқас медициналық қызметке жазыла алмай, 15 күннен артық күтуге мәжбүр болса, не істеу керек?

Дұрыс айтасыз, мұндай жағдайлар болып жатады. Негізінде, медициналық қызмет көрсету мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Бұл талап МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі(ТМККК) аясында бекітілген шарттар бойынша реттелген.Егер емханада осы мерзім ішінде дәрігерге жазыла алмасаңыз, онда емхана сізді серіктес басқа клиникаға жібере алады. Ал егер ондай мүмкіндік берілмесе және 15 күннен асып кетсе, міндетті түрде пациентті қолдау қызметіне жүгіну қажет. Олар шағымдарды қарап, тиісті шара қолданады.

Сондай-ақ, кейбір жағдайларда, мысалы, инфекциялық ауруларға күдік болғанда, емханадағы фильтр-кабинетке алдын ала жазылмай-ақ баруға болады. Бұл Денсаулық сақтау министрінің №49 бұйрығына сәйкес жүзеге асады.

— Егер мен жұмыс істемесем және бұрын ешқашан медициналық сақтандыруға жарна төлемеген болсам, алда қымбат ота күтіп тұрса, МӘМС аясында көмек ала аламын ба?

Иә, ала аласыз. Ол үшін сізге сақтандырылған мәртебе алу керек. Мұны екі түрлі жолмен жүзеге асыруға болады. Оның біріншісі — алдағы 12 айға алдын ала төлеу — әр ай үшін ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5 пайыз мөлшерінде (2025 жылы бұл 4250 теңге), ал екіншісі — өткен 12 айға жеке-жеке төлеу — әр ай үшін сол 4250 теңгеден төленеді.Егер сіз алдағы уақытта ресми жұмысқа орналасуды жоспарламасаңыз және жеңілдікті санатқа кірмесеңіз, бірінші әдіс тиімді. Төлемдер 2-3 жұмыс күні ішінде өңделіп, содан кейін сақтандырылған мәртебесі беріледі.

— Ресми түрде жұмыс істейтін адамның жеке кәсібі де болса, МӘМС жарнасын екі жақтан төлеу керек пе?

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 14-бабына сәйкес, мұндай азамат екі мәрте төлеуші саналады. Біріншісі, жұмыс беруші арқылы, яғни жұмыскердің табысынан — 2 пайыз, ал жұмыс беруші тарапынан 3 пайыз төленеді. Екіншісі, жеке кәсіпкер ретінде ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын (2025 жылы бұл – 5950 теңге) төлеу керек.

Егер азамат Салық кодексіне сай есеп тапсыруды тоқтатпаған болса, жеке кәсіпкерлік ретінде де міндетті жарна төлеуге тиіс.

—Бұл орайда жүкті әйелдердің жағдайы қалай? Егер жұмыс істемесе және жеке кәсіпкер болмаса, олар МӘМС жарнасын төлеуге міндетті ме?

Бұл жағдайда жүкті әйел жеңілдік санатына кіреді. Яғни, ол үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бірақ жүкті екенін дәлелдеу үшін емханаға барып, есепке тұру қажет. Есепке гинеколог қояды, бірақ алғашқы кезде учаскелік дәрігер мен акушер де көмектесе алады.Босанған соң да әйел үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған ана ретінде жеңілдік санатында қалып, мемлекет есебінен сақтандырылады.

— Ауруханаға жатқызу үшін қандай көрсеткіштер болу керек?

— Ауруханаға жатқызу көрсеткіштері науқастың жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ әдетте жедел ауырсынуды, созылмалы аурулардың өршуін, жарақаттарды немесе медициналық араласуды және стационарлық бақылауды қажет ететін басқа медициналық мәселелерді қамтиды.

Егер МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса, пациентке медициналық көмектен бас тартуға бола ма?

Сақтандырылмаған пациент ТМККК тізбесіне кіретін қызметтерді ала алады, бірақ МӘМС пакетінде медициналық қызметтерді ала алмайды. Әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде консультациялық-диагностикалық көмек, сондай-ақ емдеу ТМККК шеңберінде жүзеге асырылады.

Жеке кәсіпкердің табысы болмаса, МӘМС жарнасын төлеу керек пе?
— Иә, МӘМС жүйесінде жарна төлеу міндеті жеке кәсібін тіркеген сәттен басталады және табыстың бар-жоғына қарамайды. Ол Салық заңнамасына сәйкес, тек салық есептілігін тапсыруды тоқтатса немесе әрекетсіз деп танылса ғана жарна төлеуден босатылады.

Егер жеке кәсіпкер тек жекеменшік клиникаларға жүгінсе, МӘМС жарналарын төлемеуіне бола ма?
— Жоқ, заң бойынша жеке кәсіпкерлер бюджетке басқа міндетті төлемдермен қатар, МӘМС жарналарын да төлеуге міндетті. Жарналарды төлемеу немесе олардан жалтару заңсыз.

Ал егер жеке кәсіпкердің мүгедектігі болса, МӘМС жарналарын төлеуі керек пе?

Жоқ, себебі ол жеңілдігі бар санатқа кіреді. Ол үшін жарналарды мемлекет төлейді.Сонымен қатар18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, соның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен, «Батыр ана» атағымен, «Ана даңқы» ордендерінің I және II дәрежелерімен марапатталған көп балалы аналар, мектептерде, лицейлерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және магистратурада күндізгі бөлімде оқитын санаттағылар жарна төлемейді.

МӘМС жүйесіндегі мәртебені қалай тексеруге болады?
— Қордың msqory.kz ресми сайтында, 1414 бірыңғай байланыс орталығының нөмірі бойынша, тelegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында, egov.kz сайтындағы жеке кабинетте, Damumed-тегі жеке кабинетте, Банктердің мобильді қосымшаларында көрсетілген. Сондай-ақ, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры екінші деңгейдегі банктермен және медициналық ақпараттық жүйелерді жеткізушілермен тиісті келісімдер жасай отырып, сақтандыру мәртебесін тексеру және жарналарды төлеу үшін сервистерді кеңейту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.Бүгінгі таңда бұл мүмкіндік Damumed, Halyk (Халық банкі), BCC.KZ (ЦентрКредит банкі), Kaspi.kz (Kaspi Bank), Forte (Forte Bank), Freedom SuperApp (Фридом Банк Қазақстан) және Bereke bank (Bereke Банк)мобильді қосымшаларында қолжетімді. Сонымен қатар, egov.kz электрондық үкімет сайтында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу және аударымдардың немесе жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі бар.

— Рахмет!

Ләззат ӘБДІРОВА

ПІКІР ЖАЗУ