"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Білім

Асхат Шахаров Ақтөбеде қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан балабақшаға барды

Нысан ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған, 300 орындық. Құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңы негізінде жүзеге асырылуда. Құны шамамен 7,4 миллиард теңгені құрайтын балабақша ерекше балалардың дамуы мен тәрбиесіне қолайлы орта қалыптастыруды мақсат етеді және өңірде инклюзивті білім беруді дамытуға серпін бермек.

Облыс әкімі Асхат Шахаровқа «Казстройподряд» ЖШС өндірістік-техникалық бөлім инженері Нұрсұлтан Қалдымұратов құрылыс аумағы 20 172,73 шаршы метр екенін, жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

«Балабақша жобасы өзгеше. Жоғарыдан қарағанда, гүл пішінінде салынып жатыр, орталық және бес екі қабатты блоктан тұрады. Қаржыландыру жағынан еш мәселе жоқ. Құрылысшылар күндіз-түні мерзімінде тапсыруға күш салуда», – деді мердігер компания өкілі.

Әр блок орталық атриуммен өткелдер арқылы байланысады. Орталық бөлікке қысқы бақ пен кіреберіс вестибюль орналастырылады. Ал жеке блоктарда түрлі бағыттағы балаларға арналған бөлімдер болады: №1 блок – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға; №2 блок – көру қабілеті бұзылған балаларға; №3 блок – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға; №4 блок – зияткерлік дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған. Сонымен қатар, медициналық бөлім, изолятор, акт залы, бассейн, әкімшілік және асхана бөлмелері орналасады.

Еске салайық, Ақтөбе облысында 423 ерекше бала балабақшаға мұқтаж. Жақында «Жұлдыз» арнайы балабақшасы жұмысын бастап, 136 ерекше бала қамтылды.

«Бұл – ерекше балалар үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай заманауи әрі бейімделген мекемелердің салынуы – олардың қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз өңірде инклюзивті білім беру инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытамыз», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

ПІКІР ЖАЗУ