"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

КЕНШІЛЕРДІҢ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ САБАҒЫ

Мектеп оқушыларына Ақтөбе мыс компаниясының қамқорлығы
Өзіңе ұнайтын мамандықты қателеспей, қалай таңдауға болады? Ақтөбе мыс компаниясының қызметкерлері Көктаудағы жоғары сынып оқушыларына осы сұраққа жауап табуға көмектесті. Олар Хромтау ауданындағы мектеп түлектерімен кездесіп, тау-кен мамандықтары, олардың лауазымдық өсу мүмкіндіктері, жұмыскерлердің нақты болашағы туралы пікір алмасты.
Кездесуге Көктау орта мектебі мен «Нұрлы көш» мектебінің 9-11 сынып оқушылары қатысты. Тау-кен байыту кәсіпорнының мамандары оқушыларды компания жұмысының қыр-сырымен таныстырып, геолог, уатқыш, кен байытушы, электрик, механик және тағы басқа мамандықтар туралы кеңінен әңгімеледі.
Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі жақын маңдағы тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейтіндіктен Көктау жастары тау-кен өнеркәсібі саласындағы мамандықтарға ерекше қызығады. Жастар өздерінің туыстары немесе көршілерінің жұмыстарына бала кезден қанығып өскен.
Он бірінші сынып оқушысы Рауан Бекболатов маркшейдер болуды армандайды. «Менің жездем АМК-да маркшейдер болып жұмыс істейді. Ол жұмысы мен жалақысы туралы айтып, қызықтырады мені. Мен Қ. Жұбанов атындағы университетте оқып, маркшейдер мамандығын алғым келеді. Қазір ҰБТ-ға дайындалып жүрмін», — дейді Рауан.
«Нұрлы көш» мектебінде қазір 9-11 сыныптарда алпысқа жуық оқушы білім алуда. Мұғалімдердің айтуынша, жақында түлектер арасында жүргізілген сауалнамаға қарағанда, жастар таңдаған тау-кен саласы IT-ден кейін екінші орында тұр. Жастар неғұрлым сұранысқа ие мамандықтарды таңдауда.
Осындай кездесулер жасөспірімдердің кәсіптік мамандықтар туралы көбірек білуіне, саналы таңдау жасауына көмектеседі. Компания жастарға кәсіптік бағдар беру шараларын тұрақты түрде өткізіп, арнайы кәсіби білім алғаннан кейін оларды осында жұмысқа қабылдайды.

ПІКІР ЖАЗУ