"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

БӨГЕТСАЙДАҒЫ БАҒАНДАР ЖАРЫЛЫП ТҰР

 

 

 

 

 

Аудан әкімінің халықпен кездесуі Бөгетсай ауылында жалғасты. Алдымен аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов ауылдық округ әкімі Махамбет Сүйінәлиннің өткен тоқсаннан бергі атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.

Жергілікті тұрғындарға ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеген аудан басшысы негізгі бағдар бойынша жылдық жоспарды қайта құру туралы да айтып өтті. Сонымен қатар орын алған кемшіліктер бойынша да саралау жұмыстары жүргізілетін болады.

Аудан басшысын бір топ бөгетсайлық белсенді азаматтар ауылдағы бірнеше нысандарды бірге аралау арқылы қазіргі таңдағы ауылдың жай-күйімен таныстырды. Мәселен, ауылдың кіреберісіндегі арка мен құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген футбол алаңының сапасы мәз емес. Қысқа уақыттың ішінде қоршауы майысып, бетіндегі жабындысы жарамсыз боп қалған арка мен алаңға қайтадан күрделі жөндеу жұмыстары қажет етеді. Белсенділер ауыл көшелеріндегі электр бағандарын да көрсетті. Себебі ауыл бойынша жалпы саны 48 бетон бағанның жағдайы қанағаттанарлық.

– Бірнеше бетон бағандардың негізі жарылып, апаттық күйге әкеп соғар күні де алыс емес. Сондықтан қауіпсіздік талаптарының сақталуын өтінеміз, – деп қыс мезгілінде электр қуатының көп сөнетінін де алға тартқан бір топ бөгетсайлық белсенділер аудан әкіміне өздерінің ұсыныстарын сөзбен емес, көзбен көрсетті.

Ауылды аралап болған соң Нұрхан Тілеумұратов пен ауыл әкімі Махамбет Сүйінәлин халыққа есеп берді. Жиынға жиналған жұрттың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектері де тыңдалды.

Жалпы жыл басынан бері ауылдық округте бірнеше күрделі мәселелер шешімін тапты. Мысалы, Қарлау елді мекенінің көшесі мен Бөгетсай аулының кіреберісі жарықтандырылды. Ауылымыздағы басты мәселенің бірі – көпір құрылысы да аяқталды. Тек ауылішілік жол құрылысы ғана уақыты жағынан шешімін таппай отырғаны бәрімізге аян, – деді ауыл әкімі өз баяндамасында.

Атқарылатын жұмысты жоспарлау үшін алдымен сол жердегі өзекті проблемаларды анықтау керек. Сондай мәселелерді аудан әкімі тізбектеп, таразылап талқыға салды. Олардың қатарына өзі аралаған нысандар басты орынға жайғасса, балалар ойын алаңы, мал қорымы, жаңа трансформатор және жол секілді мәселелері тұздық болды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ