Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда әлеуметтік саясатқа қатысты берген тапсырмалары қалай орындалатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Президент Үкіметтің әлеуметтік саясатына ерекше назар аудара отырып, бұл салада бірінші кезекте шешілуі тиіс бірқатар маңызды мәселені айқындаған. Осыған байланысты Мемлекет басшысы белгілеп берген негізгі қағидаттар – «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары аясындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады.
Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі, — деді министр отырыста.
Аида Балаеваның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін егжей-тегжейлі реттеу бойынша жұмыстар жүргізеді. Бұл мақсатта қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі әрі түсінікті нұсқаулықтар әзірленеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру тетіктерін әзірлеу жоспарланып отыр, — деп айтты Балаева.
Еске салсақ, кеше өткен Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениетіне қатысты қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге тоқталды.
