"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Ерлан Қарин: Конституциялық комиссияның құрылуы тарихи оқиға

Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында Мемлекеттік кеңесші — Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деп атап, Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұрғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Шыңғыс МҰҚАЕВ

Шыңғыс МҰҚАЕВ

Ерлан Қарин: Конституциялық комиссияның құрылуы тарихи оқиға

Фото: Конституциялық сот

«Осындай шешуші сәтте бізге аса маңызды миссия жүктелді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бүгін осы залға түрлі саланың кәсіби мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналған.  Бәріміздің мақсат-міндетіміз – ортақ.

Сондықтан, осы айрықша міндетті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін», деді Е.Қарин.

Бұдан соң, Ерлан Қарин Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының атқарған ісіне тоқталды.

«Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы, деді ол.

Е.Қарин өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтергенін тілге тиек етіп, мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдағанын атап өтті.

«Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген. Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Оның құрамына Парламенттегі саяси партия фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық Құрылтай мүшелері енді.

14 қазан күні Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста Жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды.   Мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың да пікірі ескерілуге тиіс», деді ол.

Оның айтуынша, сол себепті 14 қазанда азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және  eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысқан.

Сонымен қатар бұл іске Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Стратегиялық зерттеулер институты тартылған. Бұл құрылымдар парламентаризмге қатысты халықаралық тәжрибені бір ай бойы мұқият зерделеген.

«Осылайша, Жұмыс тобының мүшелеріне барлық ақпарат пен талдау нәтижелері ұсынылды. Қазан айынан бері парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар түгел  жинақталды. Соның ішінде Жұмыс тобының мүшелеріне алдағы реформаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін әзірлеуге бір ай уақыт берілді.

Жұмыс тобының мүшелерімен қатар,  Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің ой-пікірін дайындап, жолдады», деді Ерлан Қарин.

Еске салайық, елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр.

ПІКІР ЖАЗУ