Қыз-келіншектер сырт келбеті тартымды, үстіндегі киімі құйып қойғандай жараса кететін, сахнада кербездене жүретін сұлуларға ұқсағысы келеді. Соның ішінде әйелдер ғана емес, қыз атаулысының барлығы – мектеп жасындағы бүлдіршіндер мен жасөспірімдер де әсемдікке жақын. Сымбаты мен сәні үйлескен қыздардың кәсібіне айналған моделинг саласына бала күнінен әуестенген арулар – соның дәлелі. Нәзік жандыларға ұнамды сән әлеміне ерте аяқ басқан, небәрі он төрт жасында Ақтөбе облысына танымал болған жас сәнбике Меруерт Абдурахимқызымен әңгімелескен едік.
Меруерт – Дөң мектеп-гимназиясының он бірінші сынып оқушысы. Ол қазіргі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуді ойдағыдай тапсырып шығу үшін уақытының басым бөлігін дайындыққа арнап жүр. Мақсаты – кәсіпте аса қажет маркетинг мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнына түсу. Ол кәсіпкер ата-анасының жолын қуып, жарнаманы кәсіби түрде жасаудың, нарықтағы сұранысты жан-жақты зерделеудің, бизнесті осы заманға сай жүргізуді үйренгісі келеді. Алайда оның өмірде болып жатқан кез-келген кезеңге де, жағдайға да қарамастан, уақыт тауып, зор ынта-ықыласымен, жүрек-қалауымен шұғылданатын бір қызығушылығы бар. Сол қызығушылығы – әңгімемізге арқау болып отырған моделинг саласы.
– Қазір он алты жастамын. Сәнбике болуды он үш жасымнан бастадым. Оған дейін алты жыл бойы таэквондо үйірмесіне қатыстым. Ағаларымның арасында өскендіктен, бала күнімде ұл балалар секілді жүретінмін. Аудандық, облыстық байқаулардан үнемі бірінші орынға иеленіп, жаттықтырушының оң қолы болып жүретінмін. Бірақ жасөспірімдік шаққа жеткенімде ата-анам қыз балаға сай гимнастика, би үйірмесіне баруымды ұсына бастады. Мен де қатарлас қыздарға қарап, өзімді олармен салыстырып, ұл бала секілді жүретінім үшін ыңғайсыздана бастадым. Сондықтан инстаграм желісінен таеквондодан басқа үйірмелерді қарастырдым. Үйірмелердің арасынан Ақтөбе қаласындағы сәнбикелерге арналған мектеп көзіме түсті. Әлеуметтік желіден сол жайында көбірек ақпарат жинап, баруға шештім. Сәнбике мектебінде нәзіктікке, дұрыс сөйлеуге, әдепке, мәдениеттілікке үйретті. Төрт айға жалғасқан үйірменің бірінші айында дефиле сабақтары болды. Одан кейін камера алдында суретке әртүрлі қалыпта түсуді, ораторлық шеберлікті үйретті. Сабақтар барысында әртүрлі дүкендердің тауарларымен суретке түсуді бастадым. Мені көбіне киімдерді, әшекей-бұйымдарды, гүлдерді сататын дүкендер шақырды. Бір жылдың ішінде суреттерім көптеген әлеуметтік желілелерге тарады. Одан кейін облыстық сән апталықтары, байқауларға қатыстым, – дейді сәнбике.
Бір жылдың ішінде Меруерт облыс бойынша сұранысқа ие сәнбикеге айналды. Көп ұзамай жас та болса белгілі сәнбикеге еліміздің танымал режиссері, Голливуд актеры Еркен Ялгашев киноға түсуге ұсыныс білдірді.
– Маған әлеуметтік желіге серіктестік жөнінде көптеген ұсыныстар келіп тұрады. Солардың бірі Еркен Ялгашевтан болды. Ол алдымен мені Голливудқа киноға түсуге шақырды. Бірақ мен ол жақын арада емес, болашақта іске асатын жоба деп ойлап, ұсынысқа аса мән бермедім. Бір аптадан кейін күтпеген жерден ол мен оқыған сәнбике мектебіне хабарласып, мені келісімшарт бойынша Мәскеу қаласына шақырды. Ата-анаммен сөйлесіп, оларға түсірілім қалай өтетінін баяндап берді. Ертесіне Мәскеуге барып, бір апта сонда болдым. Маған кішігірім рөл сомдауға берілді. Фильм әзірге шыққан жоқ. Сондай-ақ келісімге сәйкес, оның атауын да айтуға болмайды. Түсірілімдер арасында Мәскеуді аралап, қаланың біраз әсем жерлерін көрдім. Сонымен қатар Ресей елінің белгілі әртістерімен бірге бір кеште болдым. Еркен Ялгашев мені «Қазақстаннан келген сәнбике» деп таныстырды, – дейді ол.
Қазір Меруерттің әлеуметтік желідегі парақшасында 6500-ға жуық оқырманы бар. Ауданымызда оған еліктеп, бой түзеп келе жатқан қыз балалар көп. Меруерт мектептен бос уақытында оларға арнайы сабақтар өткізіп, білгенімен бөліседі.
– Мәскеу қаласынан ғажайып көңіл-күйде келіп, ата-анама сәнбикелер мектебін ашуға ұсыныс білдірдім. Олар ұсынысты қабылдап, мектепті осыдан жеті ай бұрын Хромтау қаласынан ашты. Сәнбикелер мектебіне алғашқы күні-ақ 30 қыз келді. Қазір мектеп ашылғалы бері оқып шыққан және оқып жатқандарды санағанда барлығы 150 қыз келіп үлгерді. Олардың жас ерекшеліктері 5-18 аралығында. Мектепте сабақтар үш айға жалғасады. Алдымен қыздар дизайн сабағына қатысып, өздеріне ұнаған үлгідегі киімді салады. Кейін оны тігіп, сол киіммен сахнада жүріп өтеді. Тігін ісі қыздардың бойындағы нәзікті дамытуға әсер етеді. Одан бөлек, дұрыс суретке түсу, дефиле, би, гимнастика, этикет сабақтары да бар. Мен сәнбикелер мектебіне сенбі, жексенбі сайын барып, қыздарға дефиле сабақтарын үйретіп, көмек беремін. Мектепке өзіне сенімсіз, сырт келбетінен ұялатын қыздар да келеді. Бірақ үш айдан кейін, сертификат аларда олар өзгеріп, құлпыра түседі. Өйткені мәселе келбетте емес, адамның өз өзіне деген сенімділігінде. Қыз бала өзін қабылдаған кезде ғана құлпыра түседі. Осы тұста айта кетерлігі, моделинг саласында белгілі бір ережелерге сай сұлу болудың қажеті жоқ. Ондай ережелер әлемдік сән саласында болады. Ал моделинг дегеніміз – қыз баланың өз нәзіктігін сезіне алуына, өзіне өзі сенімді болуына, бойында қызға тән қасиеттердің артуына көмек беретін сала. Әсемдікті рухани сұлулықтан алшақтатып жіберген дұрыс емес. Барлығы ішкі қалыптан басталады. Рухани бай адамның сыртқы келбеті де сұлу болады. Мен сәнбикелер мектебінде қыз балалардың жан-жақты дамуына өз үлесімді қосып жүргеніме қуанамын, – дейді сәнбике.
Меруерт өзін жақсы көрмеген адам өзгелерді жақсы көре алмайтынына сенеді. Сондықтан ол қыз балаларға өзін бағалаудың маңыздылығын көрсетіп, келешекте ел бойынша осы саланы дамытқысы келеді.
– Болашақта Қазақстанның түкпір-түкпірінен сәнбикелер мектебін ашқым келеді. Моделингті жақсы жағынан көрсеткім келеді. Яғни сырт келбетке ғана мән беріп емес, сондай-ақ қыздарды басқа бағыттар бойынша да дамытуды, ханым етуді көздейтін орталық ашуды мақсат етіп отырмын. Елімізде моделинг саласына қатысты мамандықтар жоқ. Осы себепті мен кәсіпке қатысты маркетинг саласын таңдадым. Алдағы Ұлттық Бірыңғай тестілеуден ойдағыдай өтіп, Алматы қаласына оқуға түсіп, сол жерде сәнбикелер мектебін ашуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.
Жанель Нұрболатқызы