М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Саясаттану» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Саипжамал Қорғанованың пікірінше, жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланған.
– Құқықтық мемлекетті нығайту жағдайында прокуратураның рөлі тек заңдылықты сақтау емес, сонымен қатар әділдік пен құқықтық қорғалу кепілдігін қамтамасыз етуімен байланысты. Конституциялық соттың, сот билігінің және прокуратура органдарының өзара үйлесімді қызметі Қазақстанда адам құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін қалыптастырады. Бұл азаматтардың өз мүдделерін тиімді қорғауына мүмкіндік беріп, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді әрі қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады, – деп атап өтті ғалым.
Сарапшы заңнамалық өзгерістер нәтижесінде Конституцияда негізгі құқықтар мен бостандықтардың кең ауқымы нақты бекітілгенін айтты. Олардың қатарында өмір сүру құқығы, бостандық пен теңдік, меншікке қол сұқпаушылық, сөз, дін, жиналыс және бірлестіктер бостандығы, әділ сот талқылауы, кінәсіздік презумпциясы бар.
– Адамның қадір-қасиетін қорғауға және кемсітушіліктің алдын алуға бағытталған нормалар күшейтілді. Өлім жазасын конституциялық деңгейде толық жою туралы шешім қабылданды. Бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне толық сәйкес келеді, себебі еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған факультативтік хаттамасын ратификациялаған. Сонымен қатар әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету, балалардың қауіпсіздігін қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен азаптаулар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту шаралары көзделген, – деді Саипжамал Қорғанова.
Ғалым халықаралық міндеттемелерді ұлттық заңнамада іске асыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттардың басымдығын мойындап отыр.
– Қазақстан жеке шағымдар жолдауға мүмкіндік беретін факультативтік хаттамаларға қосылды. Бұл сыртқы бақылау механизмін қалыптастырады. Егер азамат ел ішіндегі барлық құқықтық қорғану құралдарын пайдаланып, нәтиже ала алмаса, БҰҰ комитеттеріне жүгіну мүмкіндігіне ие, – деді ол.
Сонымен қатар Конституцияда жеке деректер мен цифрлық құқықтарды қорғау қағидаттары бекітіледі. Конституциялық соттың қайта құрылуы сот арқылы қорғану механизмдерін едәуір кеңейтеді.
– Реформаның маңызды бөлігі – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау және мемлекеттік органдарға қоғамдық бақылауды күшейту. Бұл шаралар бірден нәтиже бермеуі мүмкін, алайда ұзақ мерзімді перспективада азаматтардың құқықтарын қорғауға нақты негіз қалайды, – деді сарапшы.
Саипжамал Қорғанова жаңа Конституция жобасындағы негізгі идеялардың бірі – білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны ел дамуының басты тірегі ретінде айқындау екенін ерекше атап өтті.
– Мемлекеттің болашағы шикізат ресурстарымен емес, адам капиталы мен азаматтардың зияткерлік әлеуетімен өлшенеді. Жаңа жобаның басты ерекшелігі – адам құқықтарына толық бағдарлануы, – деді ол.
Ғалымның айтуынша, 2026 жылы қаңтарда «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері де бұл өзгерістердің қоғам тарапынан қолдау тапқанын көрсетеді. Қатысушылардың басым бөлігі ең маңызды реформалардың бірі ретінде бір палаталы Парламентке көшу бастамасын атаған. Респонденттердің шамамен 80 пайызы конституциялық реформаны оң бағалап, оны уақытылы деп санаған.
– Сондықтан азаматтарымыз жаңа Конституция жобасымен мұқият танысып, алдағы жалпыұлттық референдумда дауыс беру құқығын пайдаланып, саяси белсенділік танытады деп сенемін, – деп түйіндеді сарапшы.
inform.kz
