Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2024 жылы елімізде алғаш рет аймақтық кадрлық резервке іріктеу жүргізілді. Бұл бастама жергілікті деңгейде білікті, жаңашыл ойлайтын жас басқарушылар корпусын қалыптастыруға, сондай-ақ ел болашағына бейжай қарамайтын дарынды жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне кеңінен тартуға бағытталған маңызды қадам болды.
Жобаның негізгі мақсаты да айқын. Басқарушылық әлеуеті жоғары, заманауи талаптарға сай дербес ойлайтын жас кадрлардың өңірлік тізімін қалыптастыру. Өңірлік кадрлық резервке қабылданатын кандидаттардың салалық бағыттары мен саны облыстың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, мемлекеттік басқаруды жетілдіру басымдықтары және нақты кадрлық қажеттіліктер ескеріле отырып, жергілікті кадр комиссиялары арқылы айқындалады. Бұл өз кезегінде әрбір аймақтың даму бағытына сай тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Іріктеу кезеңдеріне республика бойынша 5300-ден астам азамат қатысып, көпсатылы әрі ашық бағалау нәтижесінде өңірлік жастар кадрлық резервіне 505 адам қабылданды. Оның ішінде Ақтөбе облысынан 25 кандидат резерв қатарына енді. Сол кандидаттардың арасында менің де болуым – мемлекет тарапынан жастарға көрсетілген үлкен сенім мен жүктелген зор жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Өңірлік кадр резерві – бұл тек мәртебе ғана емес, ел дамуына нақты үлес қосуға берілген мүмкіндік әрі кәсіби өсудің жаңа кезеңі.
Жоба аясында қызметтік өсімге қол жеткізіп, ел дамуы жолында қызмет атқарып жатқан жастардың саны артты. Соның айқын мысалы ретінді 2025 жылы бөлім басшысы қызметінен аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалдым. Бұл – жас мамандардың әлеуетін бағалап, оларға нақты қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік саясаттың нәтижесі деп білемін.
Алдағы уақытта осы сенімді ақтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және халыққа қызмет ету қағидаттарын басшылыққа ала отырып, жүктелген міндеттерді адал әрі жоғары жауапкершілікпен атқару – мен үшін басты мақсат.
Алиасқар ОТАРБАЙ
Аудан әкімінің орынбасары
