"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылЖаңалықтар

ШЕШІМІН ТАПҚАН МӘСЕЛЕЛЕР

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов Дөң ауылы тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде ауыл әкімі Ербол Аққұлов тұрғындарға есеп берді. Өткен тоқсанда көтерілген мәселелердің біршамасы шешуін тапқан. Бұған дейінгі осындай жиында ауыл тұрғындары электр жүйесіне көңілдері толмайтындығын жеткізген. Сол кездесуден кейін ауыл әкімі «Энергосистема» серіктестігімен бірлесе отырып Тұрлыбаев көшесінің электр жүйесіне жөндеу жұмыстарын жасап, Бейбітшілік, Болашақ көшелерін де тексерген.

Ербол Аққұлов: «Ауылдағы жарықтандыру мәселесін де қарастырдық. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін көше шамдарын техникалық тексерістен өткізіп, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Көшені қардан тазарту жұмысы да уақытылы жүргізіледі. Мердігер компаниямен мәмілеге келіп, көше тазарту жұмыстары таңғы сағат 05:00 мен 07:00 аралығында жасалатын болып келісімге келдік», —  деді.

Сонымен қатар, көктем айларынан бастап Дөңдегі көгілдір отын жүйесі түгелдей техникалық жөндеуден өтеді. Тексеріс барысында көрсетілген нормаға сай келмейтін құбырлар бар екені анықталып, ауыл әкімі газ құбырларын ауыстыру үшін шешім қабылдаған.

Ауылдағы тағы бір мәселе — Хромтау қаласы мен Дөң ауылының шекарасы. Бас жоспардағы олқылықтар жер теліміне кезекте тұрғандарға кедергі келтірген еді. Бұл мәселе де өз шешімін тауып, аудан әкімі: «Сіздер сұрадыңыздар, біздің міндет — орындау. Өткен кездесуде уәде бергеніміздей, мамандармен бірлесе жұмыстанып, бас жоспарға өзгерістер енгіздік. Қаңтар айынан бастап жер телімдерін үлестіре бастаймыз», — деп сүйінші хабарды жеткізді.

Жиын соңында талап-тілектері орындалып, оң шешімін тауып жатқанына қуанған ауыл тұрғындары аудан әкіміне алғыс білдіріп, ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмысына табыс тіледі.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

 

ПІКІР ЖАЗУ